Бақ қайда барасың, ынтымаққа барамын

(Төле би)

Президент Қ.Тоқаевтың бастамасымен бір айдан бері бүкіл қоғам болып атсалысқан «Таза Қазақстан» ауқымды экологиялық акциясы кеше, 11 мамырда қорытындыланды. Бұған дейін оңтүстік өңіріндегі ақпарат құралдарының өкілдері әрқайсысы өз алдына ұжымымен бірге сенбіліктер өткізіп келді. Бұл жолы тілшілер қауымы бірлігі мен ынтымағын танытып, сенбілікке бірлесіп шығу жайлы менің ұсынысыма бірауыздан қолдау білдірді. Әрдайым ауызбіршілігімен, ұйымшылдығымен көзге түсіп келе жатқан өңір журналистері бұл жолғысы «Мөлдір бұлақ» деп аталған ауқымды экоакцияның қорытынды аптасында Түркістан облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты «Бадам орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» Ордабасы бөлімшесінде, дәлірегі әр толқыны әнге айналған, жағалауындағы жидесі жұпар шашқан Арыс өзенінің айналасын тазалауға жиналдық.

Ауа райы да қарасып, бір күн бұрын түнде жаңбыр жауғанмен күндіз күннің қабағы ашылып жазғы маусымдай жадырап тұрды.
Еліміздегі, өңірдегі ең
жетекші БАҚ өкілдері, атап айтқанда «Егемен Қазақстан», «Айқын», «Қазақстан» Ұлттық арнасы, «Хабар 24», «31 арна», «КТК», «Еуразия Бірінші», «Astana TV», «Atameken Business»,»Қазақ радиосы», «Oinet kz», «ҚазАқпарат», «Азаттық радиосы», «Turkistan TV», «Айғақ», «»Южный Казахстан», «Тұран-Түркістан», «Шымкент келбеті», «Панарома Шымкента», «Рейтинг», «Еркін ой», «Уақыт» сияқты республикалық, халықаралық, аймақтық басылымдар мен радио, телеарналардың, сайттардың қызметкерлері,
сондай-ақ Түркістан облыстық, қалалық әкімдіктері мен облыс орталығындағы басқармалардың, мекемелердің баспасөз қызметіндегілер және бірнеше аудандық, қалалық газеттердің директор-бас редакторлары, сонымен қатар Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті журналистика кафедрасынан ұстазбен қоса студенттеріне дейін қоршаған ортаның тазалығын сақтау мәдениетін қалыптастыратын экоакцияға белсене атсалысты.

Оңтүстікте журналистер арасында нендей іс-шара ұйымдастырсақ та бір-бірін бөле жармай ортақ мақсат жолында жұмыла кететін дағдымызбен осы жолы да еншісі бөлінбейтін екі өңір-Түркістан мен Шымкенттің медиакеңістігіндегі Әріптестер әдеттегідей әдемі сыйластықтың үлгісін көрсете білді. Сенбілікті бірге өткізген Түркістандық және Шымкенттік тілшілердің өзара шынайы сыйластығына тағы бір мәрте тәнті болдық.


«Болар істің басына, жақсы келер қасына». Жақсы іске жанашырлық танытып Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев, аудандық аурухананың бас дәрігері Болатхан Сағымбеков, осы ауданнан облыстық мәслихат депутаттығына сайланған Ғани Райымбеков жанымыздан табылды. Елге танымал елуден аса журналисттің Ордабасыда бас қосуы да бекер емес. Тарихтан белгілі, абыз қаламгер Әбіш Кекілбаев айтқандай «Қазақ рухының қағбасы Ордабасы»– қашан да қазақтың басын біріктірген, ынтымақ пен татулықтың нышаны болып қала береді. Бірлігі бекем Оңтүстік журналистері ерекше қорғалатын табиғи аумақта сенбілікке білек сыбанып кірісті. Қолдарына күрек, тырмауыш пен сыпырғы, қапшық алған төртінші билік өкілдері «Мөлдір бұлақ» экоакциясы аясында ару Арыстың жағалауын қоқыстан тазалады.


Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Әбдуәлиев қолдау танытқан экоакция барысында басқарма басшысының орынбасары Болысбек Шәріпбек пен «Бадам орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің» директоры Бейбіт Мошқалов бастаған жауапты мамандар журналистерді тұқымбақ шаруашылығының және осында өндіріліп жатқан көшеттердің көпшіліктің, облыс халқының игілігіне қалай пайдаланылып жатқаны жайлы жан-жақты қанықтырды. Экологиялық науқанға белсене қатысып, қоршаған ортаға жанашырлық танытқан журналистерге арнайы сертификаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.


Табиғат аясына шыққан журналистердің сенбілігі сергіп, керемет көңілмен бір серпіліп қайтуына ұласты. Талай шәкірт тәрбиелеп жүрген ұлағатты ұстаз, білікті ғалым, саңлақ сазгер Бекжігіт Сердәлінің халықтың қошеметіне бөленген хит әндері «Жұбайлар жыры» мен «Неге, неге?» автордың орындауында шырқалып, жиналған жұрттың еріксіз бірге қосылып айтуы жандүниеңді елжіретіп жібереді екен. Сазгер бақыты осы шығар сірә! Оның шәкірті, ХҚТУ журфагінің студенті Сүндет Басықара жазған жыр, салған әні арқылы болашағынан үлкен үміт күттіретінін анық аңғартты.


Ал қазақ журналистикасының бренді болған Бақтияр Тайжан, Теріскейден келген, қоғамдық жұмыстардағы талпынысы ерекше Нұржамал Майусова, сөзінен де көзінен де арбаған бір сиқыры бар ғажап ару әріптесіміз Гүлжәмила Сәрсенбайқызы бидің сәнін керемет келтірді. «Қазақстан»Ұлттық арнасының меншікті тілшісі Ғани Қалмахан досым күй тарту шеберлігімен кезекті мәрте таңқалдырды. Ақындар Айдар Сейдазым, Сезім Мергенбай, Ғабит Сапарбек, Аида Өтеп оқыған өлеңдерден өмір сырын ұға түстік.


Журналист үшін ақпарат таратқанда назарда ұстайтын ең басты міндет-көздеген нысанаңа дөп тигізу. Ал әр журналистің нысанаға қаншалықты дәл тигізе алатынын айқындайтын Дартс ойынында жігіттер жағынан «Turkistan Media Holding» ЖШС басқарушы директоры Тельман Бейсен жеке дара топ бастаса, қыздар арасынан «Төле би таңы» газетінің бас редакторы Дина Хангелдінің асығы алшы тұрды. Құралайды көзге атқан мергендігімен көзге түсіп жүлдегер атанған өзге Әріптестеріміз де бағалы сыйлықтан құралақан қалған жоқ. «Turkistan tv» тілшісі Нұрсұлтан Нәрзілланың әншілерді гитарамен сүйемелдеуі, өзі де әуелете ән салуы ерекше ризашылығымызды тудырды.


Ризашылықтың үлкені сол, елдің айрықша назары ауған экологиялық акцияға атсалысып, қоршаған ортаны қорғауға сүбелі үлес қосқан барша әріптестеріме әрдайым айрандай ұйыған ауызбіршіліктен айнымайтындары үшін тағы бір рет рақметімді айтқым келеді. Даңқты Төле би бабамыз «Бақ қайда барасың, ынтымаққа барамын» дегені қалай дөп айтылған десеңізші. Лайым, еліміздің, оның ішінде журналистердің де бірлігі бекем, ынтымағы берік болып БАҚ өкілдерінің басынан бақ кетпеуіне тілеулеспіз.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

Түркістан облыстық мәслихатының депутаты,

журналист, іс-шараның ұйымдастырушы