Written By baxon_477_vm7u1zf1

Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Мұхтар Шахановтың 80 жылдық мерейтойына орай Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің Еуразия ғылыми-зерттеу институты Қазақстан Жазушылар одағымен бірлесіп, 2022 жылдың 8-шілдесінде «Шындық сүйген шайыр» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді. Шараға мерейтой иесі Қазақстанның Халық Жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері Мұхтар Шаханов қатысты.

Конференцияның ашылу сөзінде Еуразия ғылыми-зерттеу институтының директоры, ғылым докторы, Суат Бейлур қатысқан қонақтарға алғыс білдіріп, М. Шахановтың ақын ретіндегі ерекшелігі мен түркі әлемінде атқарған қайраткерлік қызметтерін баяндап берді.

 Түбі бір түркі халықтарының Алматы қаласындағы дипломаттары: Түркия Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Әли Рыза Акынжы, Әзірбайжан Республикасының Алматы қаласындағы Консулы Анар Хусейнзаде, Өзбекстан Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Аброр Фатхуллаев және Қырғыз Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулының орынбасары Гулзат Абдурасулова қазақ ақынына деген ықлыс-ықыласы мен жылы лебіздерін білдірді.

Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті ректоры Жанар Темірбекова М. Шахановтың ұлттық мүдде жолында атқарған қайраткерлік істері мен әдебиеттегі орны, өлеңдерінің әсері жайында мазмұнды баяндама жасады. Сонымен қатар, шараға Қазақстан Жазушылар Одағынан төраға Ұлықбек Есдәулет, Мереке Құлкенов, Қасымхан Бегманов секілді ақын-жазушылар да қатысты. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулет М. Шахановтың Арал теңізінің тағдырына алаңдап қаншама мәлімдемелер жасағаны, Наурыз мерекесін қайта тойлаудағы қаһармандығы «Береке-мереке» деген тақарыпта өткізген мерекелік шарасының арқасында Наурыз ұлттық, мемлекеттік деңгейде тойлана бастағанын жеткізді. Мемлекеттік тіл – қазақ тілінің қолданыс аясының кеңейтудегі ерлігі, еліміздің Кедендік Одаққа кірудің салдарынан көретін қасіретін сол кезде айтып, шырылдаған жеткізіп, әдебиеттегі шындықтың ту ұстаушысы деп баға берді.

Конференцияның ғылыми баяндамалар секциясын Алматы қаласы әкімінің кеңесшісі, әдебиеттанушы-ғалым Мамай Ахеттің басшылығымен өтті. Композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Музыка Қайраткерлері Одағының мүшесі Қалдыбек Құрманәлі, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, филология ғылымдарының докторы Сәуле Ержанова, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Салтанат Айбергенова, Қазакстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы Қасымхан Бегманов және «Жалын» журналы бас редакторының орынбасары, ҚР Мәдениет қайраткері Құдияр Біләл сынды зиялы қауім өкілдері М. Шаханов шығармашылығы туралы баяндама жасады.