Қуыршақ театры – адамзат мәдениетінің ежелгі әрі ерекше саласы. Ол жай ғана көңіл көтерудің емес, ұрпақ тәрбиелеудің, рухани байытудың, көркемдік талғамды қалыптастырудың тиімді құралына айналып отырғаны рас. Әсіресе, бала психологиясына әсер етудегі қуыршақ театрының маңызы ерекше. Себебі баланың жан-дүниесіне жол табу үшін тек сөз емес, бейнелі әрекет, сахнадағы көрініс пен қызықты ертегі әлемінің тілі қажет. Бұл тұрғыда қуыршақ театры – тәрбие мен өнердің тоғысқан тұсы.
Бала үшін қуыршақ – жансыз зат емес, жанды кейіпкер(көп баллардың досы десекте болады) . Ол сөйлейді, ойнайды, қуанады,қозғалады, мұңаяды яғни шынайы өмірдегі адамдар секілді әрекет етеді. Сахнадағы қуыршақтар арқылы балалар өздерін кейіпкерлердің орнына қойып, олардың әрекетін саралайды, қорытынды жасайды. Бұл процесстің тәрбиелік мәні зор. Балалар ертегі желісімен бірге жүріп, жақсылық пен жамандықты ажыратуға, әділ болуға, өзгеге жанашыр болуға тағы да басқа көптеген пайдалы, әрі өнегелі ойларды сіңіреді.
Қуыршақ театрының баланың тілдік және рухани дамуына тигізер әсері де айрықша көп . Қойылымдарда қолданылатын көркем тіл, ырғақты диалогтар мен бейнелі сөздер баланың сөздік қорын байытып қана қоймай, сөйлеу қабілетін жетілдіреді. Сонымен қатар, сахнадағы көріністерді қабылдау, түсіну және оған өз көзқарасын қалыптастыру арқылы баланың ойлау қабілетіде еселей артады.
Алайда қуыршақ театрының мүмкіндігін толық пайдаланыла бермейді. Қазіргі балалардың бос уақыттарын теледидар мен гаджетке арнаулары – үлкен мәселе. Осы орайда ата-аналар мен мектеп ұжымдары қуыршақ театрына баруды дәстүрге айналдырып, балаларды тірі өнермен тәрбиелеуге күш салуы қажет деген ойымды алға шығаруға . Бұл – болашақ ұрпақтың рухани бай, мәдениетті, ойлы болып қалыптасуына ықпал ететіні сөз сіз. .
Қорытындылай келе, қуыршақ театры – балалық шақтың жарқын көрінісі ғана емес, ұлт болашағының айнасы. Ол балалардың жүрегіне жақсылық егіп, болмысын тәрбиелейді. Сондықтан бұл өнер түрін қолдау, дамыту – тек мәдениет саласының емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.
Ерасыл Нұрланұлы,
Темірбек Жургенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының «Театртану» кафедрасының 1 курс студенті.