Бүгін Алматы қаласының мемлекеттік архивінде көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасы мен мемлекеттік қызметтерді алушылардың қанағаттану деңгейін арттыру мақсатында «Е-Өтініш» ақпараттық жүйесі арқылы түсетін адвокаттық сұранымдарды қарау тәртібі» туралы семинар өтті.



ҚР МАМ Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті мен Алматы қаласы Мәдениет басқармасы ұйымдастырған семинар мемлекеттік архивтер көрсететін мемлекеттік қызметтерге жүргізілген мониторинг қорытындысы бойынша өткізілді.
 Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті төрағасының орынбасары Гүлзира Қарсақбаева архивтердегі адвокаттық сұранымдарды қарау тәртібі мен атқарылған жұмыстар туралы айтып өтті. Өзге де баяндамашылар мемлекеттік қызмет көрсету кезінде сақталуы тиіс заңнамалар, архивтік анықтамалар мен құжаттардың көшірмесін берудегі қызметте туындайтын мәселелер туралы мәлімдеді.

Жиынға Алматы қаласы әкімі аппараты, ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Алматы қаласы бойынша департаменті, Алматы қаласы Әділет департаменті, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызметтер жөніндегі агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті, Алматы қаласының Адвокаттар коллегиясы мен Алматы қаласының Нотариалды палатасының өкілдері қатысты.


Диалогтық алаңда Е-Өтініш» ақпараттық жүйесі арқылы түсетін адвокаттар мен нотариустардың әлеуметтік-құқықтық сипаттағы архивтік анықтамаларды беру жөніндегі сұранымдарын орындау кезінде Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің және мемлекеттік қызметтерді көрсету саласындағы заңнаманың талаптарын орындау мәселелері талқыланды. Семинардың қорытындысы бойынша адвокаттар мен мемлекеттік архивтердің қызметкерлеріне мемлекеттік қызметтерге жататын сұранымдарды қарау рәсіміне қатысты ұсынымдар берілді.