Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды кезекті көшпелі мәжілісін Сарыағаш ауданында өткізді.
Шипажайы мен құнарлы жерімен, еңбекқор тұрғындарымен әйгілі аймақтың өткір мәселелерін ашық талқылап, ауданды дамыту жөнінде кеңесті. Өз саласы бойынша индикаторларды орындай алмай жүрген басшылар мен жауаптыларға жұмысты сапалы атқару керектігін айтты.
– Апта басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңейтілген кеңес өткізді. Сол жиында басшыларға, мемлекеттік қызметшілерге нақты міндеттер жүктеді. Күнделікті мәселелерді шұғыл шешумен ғана шектелей, мемлекетшіл-реформатор болуды, аймақтарды жан-жақты дамытуды тапсырды. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту, отандық өндірісті ұлғайту, азаматтардың нақты табысын арттыру, байыпты макроэкономикалық саясат жүргізу, инфрақұрылымды одан әрі дамыту, өндіріс орындарын ашу керектігін айтты. Облысымызда осы бағыттар бойынша жұмысты жандандыруымыз керек, – деген Дархан Сатыбалды Сарыағаш ауданының ерекшелігіне тоқталды.
– Сарыағаш – туризмді дамытуға өте қолайлы аймақ. Мұндағы шипажайлар, минералды су бүкіл Қазақстанға әйгілі. Сондықтан жауапты басқармалармен бірлесіп, туризмді дамыту үшін қолайлы жағдай жасау қажет. Жаңа жұмыс орындарын ашу – аудан әкімі жұмысының басты көрсеткіштерінің бірі. Жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған бағдарламалар бар. Аудан әкімдігі бұл мүмкіндіктерді толық пайдалана алмаған. Осы бағытта жұмысты күшейту керек. «Жұмыс істеп жатырмыз» деген сырғытпа есеп пен көзбояушылық емес, нақты іс керек. Сарыағаш – көрші мемлекетпен шекаралас аудан. Сауда-саттықты, өнеркәсіпті дамытуға мүмкіндіктер мол. Бірақ тамақ өнімдерін өндіру, туризм саласына тартылған инвестициялардың көлемі бойынша жоспарлар былтыр орындалмаған. Елді-мекендердің айналасы күл-қоқысқа тола. Тазалық бойынша жұмыс күшейтілсін. Тазалық болған жерде – талап болады. Арман Айдарұлы, сіз бұл қызметке жақында кірістіңіз. Ауданды дамыту жоспарын назарда ұстап, инвестиция тарту, өнеркәсіп көлемі бойынша осы жылға бекітілген жоспарларға қол жеткізу үшін тиісті басқармалармен бірлесе қажетті шараларды қабылдаңыз, – деді облыс әкімі.
Көшпелі мәжілісте аудан әкімі Арман Абдуллаев 2022 жылы қол жеткен жетістіктер мен алдағы жоспарлар бойынша баяндады.
Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов ауданды дамыту барысындағы кемшіліктер мен мәселелерге тоқталды. Зерделеу жұмыстары көрсеткендей, тамақ өнімдерін өндіруге тартылған инвестиция 72,5 пайызға, туризм саласына тартылған инвестиция 71,1 пайызға ғана орындалды. Егін шаруашылығының нақты көлемі индексі 14,6 пайызға кеміген. Ірі қара мал, қой басында өсім байқалмаған. Осыған байланысты өңір басшысы тарапынан Сарыағаш ауданы әкімдігіне «Ауыл аманаты» бағдарламасын талапқа сай жүзеге асыру, жылыжайлар шаруашылығын дамыту, агроөнеркәсіп кешенінде жұмысты ширату тапсырылды.
Облыс әкімі аудандардағы ішкі жолдарды стандарттауды, бірыңғай талапқа сай салуды жүктеді. Сапасын арттыруды міндеттеді. Бюджеттің жергілікті кірістерін, түсімдерін арттыру жөнінде де нақты тапсырма берілді. Сарыағаш ауданында 1125 салық салу нысаны мүліктерін 5 млрд. 824 млн. теңгеге бағалаған. Бірақ аталған нысандардың нарықтық бағалау құны 85 млрд. теңгені құрап отыр, яғни 17 есе жоғары. Бұл – салықтың төмендеуіне әкеліп соғуда.
Денсаулық сақтау және білім саласының деңгейін көтеру, ауданның инфрақұрылымын жетілдіру, жолдарды жөндеу, көгалдандыру жұмыстарын күшейту, жер дауларын шешу және өзге де мәселелер бойынша ұсыныстар айтылып, міндеттер жүктелді.