Бұл «Басқарылатын гипотермия» жобасын 5 жылда жүзеге асырудың нәтижесі. 2017-2022 жылдар аралығында AYALA қайырымдылық қоры демеушілерден және қазақстандықтардың қайырымдылық жарналары арқылы тартылған 300 миллион теңгеге Қазақстанның 14 балалар медициналық орталығын автоматты гипотермияға арналған заманауи жабдықтармен жарақтандырды және 235 жаңа туған нәрестенің өмірін құтқарды.
Нәрестелер өлімінің құрылымында 60 пайыздан астамын жаңа туған нәрестелер құрайды. Негізгі себептері — орталық жүйке жүйесінің, оның ішінде босанудағы ауыр гипоксияның салдарынан зақымдануы. Туғанда бас миының гипоксиялық-ишемиялық зақымдануы бала ағзасындағы бас миы жасушаларының өліміне әкелетін патологиялық процестердің каскадын іске қосады. Нәтижесі — кем дегенде ауыр мүгедектік, ең жаман жағдайларда өмірді құтқару мүмкін емес.
2016 жылы AYALA қайырымдылық қорының шақыруымен профессор Арунасас Любшис (Литва) қазақстандық неонатолог дәрігерлерге арналған тегін курстарда алғаш рет Еуропалық Одақтың перзентханаларында автоматты гипотермия аппараттарын қолданудың табысты тәжірибесі туралы айтып берді. Ол кезде Қазақстанда бұл жабдықтар туралы ешкім білмеген, ал жаңа туған нәрестелерді құтқару үшін гипотермия тек қана қолда бар құралдармен — мұздатылған су құйылған медициналық пакеттердің көмегімен қолданылды. Дәрігерлердің қаһармандық күш-жігеріне қарамастан бұл босануда гипоксияның ауыр түрімен жаңа туған нәрестелерді мүгедектендірудің жоғары деңгейіне алып келді. Сол кезде AYALA ҚҚ президенті және негізін қалаушы Айдан Сүлейменова жағдайды түбегейлі өзгерту туралы шешім қабылдады.
«Біз бұл жобаны Алматыдағы Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығында және Астанадағы Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында пилоттық жоба ретінде бастадық. Бір жыл ішінде 75 жаңа туған нәрестеге автоматты гипотермия қолданылды. Реанимация дәрігерлері гипотермия аппаратында емделген сәбилердің метаболизмдік ауытқулары тезірек түзетіліп, қанның оттегімен қанығу көрсеткіштері жақсарғанын атап өтті. Кейіннен бұл нәрестелер емделіп, үйлеріне функционалды сау түрінде шығарылды», — деп түсіндірді AYALA қайырымдылық қорының президенті Айдан Сүлейменова.
Пилоттық жобалардың жетістігіне сүйене отырып, қор ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне еліміздің перинаталдық орталықтарын гипотермия аппараттарымен жабдықтаудың маңыздылығын дәлелдеп, онымен «Басқарылатын гипотермия» жобасы шеңберінде күш-жігерді үйлестіру туралы меморандумға қол қойды. Бұл гипотермия аппараттарын міндетті мемлекеттік сатып алу үшін медициналық жабдықтар тізбесіне қосуға мүмкіндік берді.
«Бүгінгі таңда әлемдік дәлелді медицина тұрғысынан тек терапиялық гипотермия босану кезінде ауыр гипоксиямен туған балаларда нейропротекцияның сенімді әдісін қамтамасыз етеді. Фарминдустриядағы айтарлықтай ғылыми прогреске қарамастан, жаңа туған нәрестелердің бас миын гипоксиялық-ишемиялық энцефалопатия нәтижесінде қайтымсыз зақымданудан қорғай алатын дәрілер жоқ. Бұдан басқа, гипотермия аппараты амплитудалық электроэнцефалография мониторингімен бірге реанимация бөлімінде жұмыс істейтін және баланың дене температурасын ондаған сағаттар бойы бақылауға және ұстауға міндетті дәрігерлер мен медбикелердің үлкен жүктемесін азайтады. Қазақстанның неонатологтары AYALA ҚҚ мен Айдан Сүлейменоваға жаңа туған нәрестелердің функционалдық денсаулығын сақтауға көмектескені үшін алғыс айтады», — деп атап өтті Қазақстан неонатологтары конгресінің төрағасы Бектұрған Карин.
Терапиялық гипотермияны жаңа туған нәрестенің өмірінің алғашқы сағаттарында қолдану қажет. Аппарат жаңа туған нәрестенің дене қызуын автоматты түрде 34 градусқа дейін төмендетеді және 72 сағат бойы оны қажетті деңгейде ұстайды, содан кейін баланы біртіндеп жылытады. Тек осы ғана бала ағзасындағы метаболизмді өзгертуге, оның бас миын глюкозамен қамтамасыз етуге және сол арқылы орталық жүйке жүйесінің жасушаларын қайтымсыз зақымданулардан қорғауға мүмкіндік береді. Гипотермия аппаратына жиынтықта жүретін амплитудалық электроэнцефалография мониторы дәрігерлерге қолданылатын терапияны бақылауға және тиімді түзетуге көмектеседі.
2017 жылдан бастап Қазақстанның 12 қаласының медициналық мекемелері AYALA қайырымдылық қорының жинаған 300 748 500 теңге сомасындағы қаражатына 14 автоматты гипотермия аппаратын және 13 амплитудалық электроэнцефалография мониторын алды. Оның ішінде 2022 жылы AYALA ҚҚ 7 медициналық мекемеге 134 миллион теңгеден астам сомаға гипотермияның аппараттық кешендерін тапсырды. Оларды Ақтаудағы, Талдықорғандағы, Оралдағы Облыстық перинаталдық орталықтар, Өскемен қаласының Ана мен бала орталығы, Шымкент қаласындағы Қалалық перинаталдық орталық, Жамбыл облысының Көпбейінді ауруханасының Перинаталдық блогы, Алматыдағы Республикалық акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығы алды.
«Бес жыл ішінде ірі демеушілердің қолдауы мен он мыңдаған қазақстандықтардың бокстар, терминалдар және банктер арқылы берген қайырымдылық жарналарының арқасында біз Қазақстанның барлық перинаталдық орталықтарының үштен бір бөлігін автоматты гипотермияға арналған аппараттық кешендермен жабдықтай алдық. Олар 238 баланың функционалдық денсаулығын сақтап қалды. Таяу жылдары тәжірибелі неонатолог дәрігерлердің қолымен біздің аппараттар жүздеген баланың өмірін сақтап қалуға көмектеседі. Біз еліміздің кішкентай азаматтарының өмір сүру сапасы үшін күресте қазақстандықтардың күш-жігерін біріктіруге қуаныштымыз», — деп атап өтті Айдан Сүлейменова. ____________________________________________________________________________
AYALA қайырымдылық қоры — Қазақстандағы неонатологияға маманданған жалғыз қор. 15 жыл ішінде қор 2,2 млрд теңгеден астам қаражат тартып, оларды перинаталдық орталықтардың 67 реанимациясын, балалар ауруханалары мен ғылыми орталықтарын заманауи медициналық жабдықтармен жарақтандыруға бағыттады. Бұл 2007 жылдан бері жүздеген мың баланың өмірін елден тыс жерлерде емес, Қазақстанда сақтап қалуға көмектесті.
Байланысушы тұлға: Наталья Еськова, коммуникациялар жөніндегі вице-президент, + 7 701 211 0672, natalya@ayala.kz