Енді елдегі газ баллон жабдығы бар автомобиль иелері арнайы белгі орнатуға міндеттелмек. Өзгерістер 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Қазақстанда азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін стандарттарды жақсарту бойынша белсенді жұмыс жалғасуда. «Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының бұйрығымен » ҚР 1412-2017-Жол қозғалысын реттеудің техникалық құралдары. Қолдану ережелері» ұлттық стандартына өзгеріс енгізілді. Бұл стандарт міндетті болып есептеледі, өйткені ол ішкі істер министрінің бұйрығымен бекітілген Жол ережесінде сілтеме түрінде көрсетілген», — деп хабарлады Қазстандарттың баспасөз қызметі.
Өз кезегінде техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Қуаныш Елікбаев жаңа талаптың не үшін енгізіліп жатқанын түсіндірді. «Газды қайта жабдықтау кезінде қауіпсіздік талаптары толық сақталмайды. Мұндай көліктер біздің азаматтар үшін қауіп төндіруі мүмкін. Осыған байланысты көлікке газ баллонын орнатқан көлік құралдарының жабық тұрақтарға кіруіне тыйым салынады. Осындай көліктерді сәйкестендіру және тыйымдарды әкімшілендіру үшін арнайы белгі енгізілді», — деп атап өтті ол.
Қазстандарт өкілдерінің айтуынша, жаңа белгі жабық паркингтерге кіргенде автокөлік оңай танылатындай етіп орнатылуы тиіс. Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдың 29 желтоқсанынан бастап газ баллон жабдықтарымен жабдықталған автомобильдерге қауіпсіздік мақсатында жабық тұрақтарға кіруге тыйым салынған. Автомобильдегі дұрыс орнатылмаған газ баллоныны көрші көліктерге ғана емес, жақын маңдағы адамдарға да зиян тигізуі мүмкін. ІІМ газ баллонымен жабдықталған автомобильдер үшін сәйкестендіру белгісін 2020 жылы жасаған.