Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне қарағанда бүгінде әлем бойынша 850 млн адам бүйрек ауруларының зардабын тартуда. Ал әрбір оныншы ересек адамда өмірінің соңғы сәтіне дейін «серік» болатын созылмалы бүйрек ауруы (СБА) бар екен.
Өкініштісі, 2040 жылға қарай адамдардың өмірден озуы жөнінен бесінші орынға шығады деп болжанған осы СБА дерті жылдан-жылға өсуін тоқтатар емес, егер қоғам назары жедел аударылмаса кеш болады деп дабыл қағады дәрігерлер қауымы. Оны күнделікті тіршілікте өзіміз де байқаймыз, жанымызда жүрген жандардың бүйрегім ауырады дейтіні көбейгендй.
Дәрігерлердің айтуынша, пациент дәрілерді уақтылы қабылдап, денсаулығына қатысты айтылған кеңестерді орындап, саламатты өмір сүруге ұмтылса асқынулардың алдын алуға болады, ал, керісінше тиісті мән берілмесе, асқынудың соңы диализдік дертке әкеліп соғады.
Жуырда елордада дәрігерлер бүйрек ауруларымен күрес және оның алдын алу мәселелері бойынша семинар өткізді. Бір қуанарлығы, семинарға қатысушылардың дені аудан, ауылдардан келіпті. Облыс орталықтары мен ірі қалаларда маманданған нефрологтар болса, ауылдарда негізінен жалпы тәжірибелік дәрігерлер еңбек етеді. Сондықтан екінің бірі бүйрек ауруына шағымданатын заманда ауыл дәрігерлері үшін мәселенің маңызы арта түседі. Созылмалы бүйрек жетіспеушілігі немесе шамасыздығының артуының себептері қандай? Медицина ғылымының докторы Орынкүл Нарманова дерттің басты себептерінің бірін диагноз қойылуының кешеуілдеуіне тірейді. «Себебі дәрігердің алдына келген пациент бас ауруына шағымданады, содан невропотологқа жіберіліп, зерттеу барысында КТ жасалып, онда мида бір ошақтар көрінген соң контраст арқылы қарайық дейді. Ал бұл үшін креатининнің мөлшері қажет. Сөйтіп креатининге қан тапсырғанда оның мөлшерінің өскенін көрген соң барып негізгі аурудың бүйрек жетіспеушілігі екеніне мән беріледі. Енді бір пациент басым айналады, ауырады, бойымды жайлаған әлсіздік бар дейді. Жалпы қан сынамасын алғанда анемия барлығы көрініп, ол пациент гематологқа жіберіледі. Тағы да краетинин мөлшері зерттелгенде барып гематолог емес, нефрологқа қаралу қажеттігі анықталады. Ендігі бір топта адамның қан қысымы жоғары және денесінде ісігі бар, ентігіп, түнде ұйықтай алмай, жүрегі аузына тығылатынын айтады. Мұндай науқас кардиологқа жіберіледі. Осылайша маман аралап, сан өтелектен өтіп жүргенде уақыт өтіп кетіп, созылмалы бүйрек жетіспеушілігі дендеп кетеді. Ал бұл дегеніміз – диализге байлану. Диализсіз өмір сүре алмайтын адамның күйін ешкімнің басына бермесін, себебі диализ жасалмаса несеп бойға тарап, ағза уланады. Соңғы терминалдық сатысында бүйрек алмастырудан өзге жол жоқ. Терминалдық саты дегеніміз – қарапайым тілмен айтқанда, бүйректің ісініп, өз қызметін мүлде атқара алмай қалуы. Елімізде орган трансплантациясында кезекте тұрғандардың 70 пайызы осы бүйрек алмастыруға мұқтаж жандар. Сәйкес донордың табылуы қиын», дейді Орынкүл Жақсыбайқызы.
Мамандар амбулаториялық-емханалық көмек деңгейінде бүйрек ауруларына шалдыққан науқастарға медициналық көмек көрсету сапасының төмендігіне байланысты жүйелі сипаттағы бірқатар проблеманы атап өтті. Біріншіден, СБА-ны ерте сатыда анықтау деңгейінің төмендігі, оған жоғарыда айтылған түрлі мамандарға сабылып уақыт өткізіп алу мысал болады. Екіншіден, отандық медицинада СБА бар науқастарды толық қамту және БМСК деңгейінде науқастарға қатысты нақты нефропротективтік стратегияның болмауы. Ал стратегиясыз науқастардың ауру барысын динамикалық бақылаудың сапасы жайын сөз ету де артық. Сонымен қатар диагноз нақтыланып, аурудың ем жолы тағайындалған күнде СБА бар пациенттерді оңалтудың жолға қойылмауы оң нәтижеге жетуге қолбайлау екенін сөз еткен дәрігерлер жер-жерде нефролог-дәрігерлермен қамтамасыз етудің төмендігін, науқастарды трансплантациядан кейінгі бақылау бойынша мамандардың тапшылығын атап өтті.
2016-2018 жылдар аралығындағы деректерді талдау Қазақстанда гломерулярлы аурулармен ауыратын науқастардың саны жыл сайын артып келе жатқанын көрсетті және бүйрек аурушаңдығының көрсеткіші 1 млн халыққа шаққанда орташа 137 құрайтын көрінеді. Алаңдайтындай көрсеткіш. Мәселен, гломерулярлы аурулармен ауыратын науқастардың саны 2016 жылы 9 697 науқастан 2018 жылы 11 690 науқасқа дейін, яғни 1,2 есеге өсіпті (2017 жылы – 10 807 науқас). Терминалды созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі бар (ТСБЖ) науқастар санының өсуі де көңілді күпті етеді. 2018 жылы 2016 жылмен салыстырғанда пациенттер саны 42,5%-ға, 2016 жылы 6190-дан 2018 жылы 8822-ге дейін өскен (2017 жылы – 7083 науқас).
Бұл сандар СБА-ның аса мән беретін дерт екенін көрсетеді. Жалпы бүйректі аман сақтауда қандай амалдар бар?
– Бұл алдымен адамның денсаулығына деген жауапкершілік. Саламатты өмір салтымен тірлік кешуді қалыпқа енгізуі. Аптасына кемінде 5 күн 40-50 минут жаяу жүру, онда да жай аяңдап емес, жылдамырақ маңдайдан тер шыққанша жүру. Аптасына екі рет қолға бір шамалы екі бөтелке су болса да жоғары төмен көтеру, баспалдақпен көтеріліп, төмен түсу, арнайы отырып-тұру жаттығуларын жасау керек. Аяққа ыңғайлы аяқ киім киіп, ауа райына қарамастан далаға шығып, дене қимылын атқару. Қазіргі жастарда осы ыңғай бар, олар фитнеске барады, саябақтар да жүгіріп жүреді, соған қарап қуанамын, болашақта олар осы тәрбиені балаларына да береді деп сенемін. Ал тамақты ішіп алып, диванға жантая кету сіздің ағзаңызға жасаған ең үлкен қиянатыңыз. Екіншіден, міндетті түрде су ішіп жүру. Судың сапасына мән беріңіз. Қазір су сүзгілерінің де неше түрі бар, соның сүзгілеу сатысы жоғары әрі жиі ауыстырылатынын орнатып, таза суды күнделікті ішіп отыру қажет. Әр кило салмағына 30 мл шамасында есептеп, кешкі сағат 19-ға дейін ғана ішкен жөн. Әйтпесе түнге қарай бүйрек жұмысына салмақ түседі. Күніне 4 стақан су ішсе жеткілікті. Үшіншіден, жас қырықтан асты ма, қан қысымын жиі өлшеп тұру керек. Төртіншіден, жасы 35-тен асқан әрбір жан жылына бір рет қанындағы қант мөлшерін біліп тұрғаны жөн. Сонымен бірге қан құрамындағы гемоглобин мөлшерін тексеру, сосын тамақтануға мән беру. Таңғы асқа ботқа жеп, күнделікті рационға бір ас қасық зәйтүн майын, балық майын пайдалану, көкөністер мен жеміс-жидекті көбейте қолданып, қызыл ет жеуді азайтып, оның орнына ақ ет жеп, құс етін көбейту керек. Соншалықты қолдан келмейтін дүние емес, бірақ біз соған мән бермейміз. Ал бұлар бүйректі аман сақтаудың кепілі дер едім. Бесіншіден, ерте жатып, ерте тұру. Адам ағзасы өте күрделі және бір-бірімен тығыз байланысты, сол тепе-теңдікті бұзып алмай, ағзаңызды тыңдап өмір сүрсеңіз, тек бүйрек емес, өзге де ауруларға шалдықпайсыз.
Адамдар СБА болмаса да жиірек өздерінің қан қысымын күндізгі уақытта бірнеше рет өлшеп тұру керек. Өйткені күндіз қалыпты қысым түнге қарай көтеріліп кетуі мүмкін. Екіншіден, несептегі тәулік бойынша ақуызды анықтап тұру маңызды, бұл үшін жылына бір рет несеп сынамасын тапсырса жетеді. Үшіншіден, интернетте бар бүйректің қызметін формула арқылы анықтау. Ол түк те қиын емес, жас мөлшері, салмағы сосын креатинин мөлшерін енгізсеңіз есептеліп шығарылады. Осылайша аурудың алдын ала аламыз. Тағы бір маңыздысы, әсіресе ата-аналар мән беретін дүние – қанты көп, газды сусындарды ішуді азайту, қантты кім-кімнің де аз ғана мөлшерде пайдалануы. Қазір балаларда да қант диабеті жиі кездесетін болды, ал бұл диагнозбен 5 жыл ауырған жанның бүйрегіне міндетті түрде әсері болады. Осыны әр отбасындағы ата-ана біліп, саламатты өмір сүруді өзі де ұстанып, балаларына да осы мәдениетті ексе дейміз. Сонда диализге жүгінушілердің саны азаяды, біздің де басты мақсатымыз сол, – дейді Орынкүл Нарманова.
Есенұлы Ермұрат,
Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы Компьютерлік технологиялар кафедрасы Медиажурналистика мамандығының 2-курс студенті