Written By admin
Categories:

Өмірден озған адамды еске алғанда әуелі сол кісінің мына өмірдегі жүріп өткен жолы, азаматтық істері, әрекеті ойға оралады. Тіршілікте болмыс-бітімімен елдік мұратты биік қоятын тұлғалар болады. Әдетте олар өз отбасын ғана емес, бүтін елдің, тұтас туған жерінің қамын жеп, ертеңі үшін алаңдаулы келеді. Тіпті ұлы мұраттар жолында өзінің өмірін де қияды. Артында өшпес із қалдырған марқұм Құрмаш Алпысбайұлының ғибратқа толы ғұмыры өскелең ұрпаққа үлгі. Ол саналы өмірін ел мүддесіне арнады. Ауыл тұрғындарының қамын жеді. Пендешілігінен азаматтығы биік тұрды. Жүрегі шаруалармен бірге соққан, күні кеше іргеде жүріп үлкен тірлік жасаған осындай тұлғаларымызды бүгінде ауылдағылардың бірі білсе, бірі білмейді. Пәниден мәңгілік мекеніне аттанған атамыздың өнегелі өмірі жайлы қалам тербеп, мақала жазуды жөн санап, кейінгі ұрпаққа жеткізсек дедік.

Колхоз-совхоз жүйесі негізінде қалыптасқан кешегі Кеңес дәуірі тарқаған шақта экономика құлдырап, шаруашылықтар тұралап қалғаны әмбеге аян. Бұл әсіресе, тағдырын ауыл шаруашылығына байлаған диқандарға ауыр тиді. Совхоздардың жұмысы тоқтады. Техникалар арзанға сатылды. Мал басы күрт кеміді. Күн көрістің қамы үшін, қажеттілік мақсатында әсіресе, қой бартерге жұмсалды.

Ауылдағы жұртшылық ешкімге керек болмай сенделіп қалды. Көпшілік не істерін білмей абдырады. Тұтастай алып держава құлап, әр республика өз бетінше күн көрудің қамына көшті. Бұрын естіп-білмеген нарық заманы басталды. Осындай өліара шақта елге жөн сілтеп, жол көрсетер басшы, көпті артына ертер азаматтар табылмады.

Диқандар ісін неден бастарын білмеді. Маманның тапшылығы, тәжірибенің жоқтығы сезілді. Жұмыс іздеп қалаға көшу белең алды. Осының салдарынан ауылдағы үйлер қаңырап бос қалды. Жан бағу, бала-шағасын асырау оңайға соқпады. Осындай себептермен бірі көшіп жатса, енді бірі қарт ата-анасының жағдайына қарайлап жұмыссыз үйінде отырды.

Заманның сұрқы қашса да, қиындықтан қаймықпаған, қайта жігерін жанып, көпті ортақ іске ұйыстыра білер азаматтар табылды. Сын сағатта тұрғындардың жанынан табылған, солардың басы-қасында Құрмаш атамыз да болды. Елге аянбай қызмет етті. Өзі де ауылдағы шопанның ұлы, осы жердің баласы емес пе, туған жердің көркейіп, өркендеуіне барын салды. Әке тәрбиесі, өскен ортасы, алған білімі мен жиған тәжірибесі оны жерін сүйетін патриот болып қалыптасуына жетеледі. Туған әкесінің өмірлік жолы да соқтықпалы болған.  

Аздап шегініс жасап, шыққан тегіне үңіле кетсек. Оның әкесі Алпысбай Жүсіпәліұлы 1923 жылы дүниеге келіп, 7 жасында әке-шешеден айырылып, жетім қалғани соң, Махметхан мен Сырман ағаларының қолында өседі. Ер жете сала совхоздың қойын бағады.

Қожатоғай қой совхозына Өзбекстанның Шымқорған деген жерінен алғашқы мал айдап келіп, шаруашылықтың алғашқы іргесін қалайды. Зейнеткерлікке шыққанша осында еңбек етіп, басшылық тарапынан түрлі марапаттарға ие болады. Ол кісі Қазақ ССР Жоғары Кеңесінің депутаты болған. Өзі оқи алмаған соң, еш болмаса ұрпағым оқысыншы деген ниетпен перзенттерін білім жолына баулыған.

Тұңғыш баласы, мақала кейіпкері – Құрмаш Алпысбайұлы Арыс қаласына қарасты Қожатоғай ауылында 1947 жылы туған. 1967 жылы осындағы Амангелді атындағы білім ұясын «Алтын» медальмен, 1974 жылы Қызылорда педагогикалық институтының филология факультетін бітірген.

Еңбек жолын Қожатоғай ауылдық кеңесінің бас есепшісінен бастап, адал еңбегінің арқасында ауылдық кеңестің төрағасына дейін көтерілген. «Қожатоғай» мемлекеттік қой зауыты партия комитетінің хатшысы да болды. Кейінгі 1992-1999 жылдары ауылдағы жұмысшылар кооперациясының басшысы қызметін атқарады. Ал, 1999 жылы ауылға әкім болып тағайындалады.

Ауылдың қайта гүлденгені Құрмаш Алпысбаевтың әкім болған уақыты десе болады. Ол жоғарыда көрсеткен алмағайып кезеңмен тұспа-тұс келді. Осындай қиын-қыстау сәтте ауыл халқын бірлікте ұстап тұру әкімдерге де қиынға соқты. Кейін шегінбеді. «Ел намысы – ер намысы» деп тек алға ұмтылды. Ортақ істе ұйымдастырушылық қабілетін көрсете білді.

Мұндағы жұртшылық ауыл шаруашылығымен күн көреді. Мал шаруашылығына бейім. Диқандарды мақта өсіруге, яғни егіншілікке шақырды, жол көрсетті. Шаруасы тұралап қалған ауылдардан ел қара шаңырағын тастап, жаппай қалаға кетіп жатқан болатын. Алайда егіншілікті мықтап қолға алған шаруалардың табысы еселеніп, кірісі ұлғайған шақта, «енді көшеміз» деп жүргендер райынан қайтып, ажары кірген ауылға қайта қоныстана бастайды. Сырдария өзенінің жағасындағы егістіктерге су сорғыш құралдар алдыртты.

Мақта егу жұмыстары жандана түсті. Кезінде жекеге өтіп кеткен ғимараттарды мемлекет меншігіне қайта өткізу жұмыстарына атсалысты. «Еңбегі жанды». «Тоқтысы да егіз туды». Осы кезеңді ауыл халқы «қайта жаңғыру уақыты» деп атайды. Елдің әлеуетін көтеру жолындағы маңдай тер, қажырлы еңбек, оның арасындағы ұйқысыз түндер денсаулыққа салмақ салды. Сырқаты меңдеді. Ақсақал 2003 жылы бақилық болды.

Көзі тірісінде еңбегі бағаланды да. Бірнеше мәрте аудандық, облыстық кеңестердің депутаты болды. Елдің ыстық ықыласына бөленген жан «Құрмет белгісі» орденімен наградталды. Одан бөлек «Қазақстан Тәуелсіздігіне – 10 жыл» мерекелік төсбелгісін де иеленді.

Өмірі көпке өнеге Құрмаш ақсақал туралы замандастары, қызметте бірге болған үзеңгілес бауырлары, көнекөз қариялар жылы лебіздерімен бөлісіп, марқұмды еске алды. Жүріп өткен қызметтік жолы, ел мүддесі жолындағы атқарған қыруар шаруасы өскелең ұрпаққа үлгі болып қала береді деді.

Құрмаш Алпысбаевтың өмірден өткені ауылдастарының қабырғасын қайыстырды. Қараша жұрт «Тұғыры биік тұлғамыз еді» деп қайғырды. Қолына билік тиіп, туған жерін түлетуге күш сала бастаған уақытта өмірден озғаны өкініш білдірді.

Ал, ауыл мектебінде ұлағатты ұстаз болған марқұмның құрдасы Тұрсынбек Сманұлы өнегелі ісімен елге жаққан азаматқа еске алу өлеңін арнады.

Біреу кетіп жатады біреу келіп,

Болған емес ешкімге жалған серік.

Қайран асыл жиенім қатарласым,

Ажал деген жендетке кеттің еріп.

Көрер кезде өмірдің дәл қызығын,

Қалды ұлың әкесіз, қалды қызың.

Жұбайыңды аялап, тіршіліктің,

Жүрсең еді сіміріп бал қымызын.

Ақылға тоқ жиенім сегіз қырлы,

Тебірене оқушең ойлы жырды.

Дәм шынымен таусылса азаматты,

Тағдыр теңіз көрмейді жаңқа құрлы.

Бір туар адам едің аялайтын,

Мейіріміңе талай жан саялайтын.

Сарапшысы сен едің осы еліңнің,

Ойлы сөзбен ақылын аямайтын.

Еңбенің сіңді ауданға, өз еліңе де,

Нағашың жоқтау жазады тебірене.

Еленбесе еңбегің халқың қолдап,

Бір сыныпқа атыңыз берілеме.

Жеңсең дағы алапат бұрқақтарды,

Жеңе алмадың бейдуа сырқаттарды.

Мәңгілікке жиенім өлген жоқсың,

Артыңызда көзі ашық ұрпақ қалды.

Балалар балдай тәтті қылықтарды,

Сіңген бойға ұлтымның ғұрыптары.

Қолдасын шәкірттерді рухыңыз

Атыңыз берілген бұл сыныптағы.

Неге ерте шақырды Аллатайым,

Орныңды желпілдеп көк бала қайың.

Жұмақтың ең төріне жайғасқайсыз,

Ұмытпаймыз біз сізді, ағатайым.

Бақдәулет АЙДАҒАРАЕВ,

      Сарыағаш ауданы.