2023 жылдың 1-3 ақпаны күндері әскерилер арасында қоян-қолтық ұрыстан ҰҚК Шекара қызметі Түркістан облысы бойынша департаменті, Сарыағаш ауданы бойынша шекара басқармасы және Сарыағаш ауданы әкімдігінің қолдауымен барлық аумақтық шекарашылардың басын қосқан жоғары деңгейдегі спорттық жарыс өтті. ҰҚК Төрағасының орынбасары — Шекара қызметі директорының кубогі республикалық деңгейді турнирі ауданымызда алғашқы рет ұйымдастырылды.
Жарысты салтанатты түрде Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары А. Қозыбаев ашып, жауынгер спортшыларға сәттілік тілеген ол аудан көлеміндегі мұндай жарыстың маңызы зор екенін атап өтті. Жарыстың бірінші күні 57, 62, 67, 73, 80, 88, 97 және 97 ден жоғары салмақ дәрежесіндегі жауынгерлердің арасында іріктеу белдесулері өтті. Таң азанмен басталған аралас жекпе-жек қас қарайғанға дейін жүргізіліп 120 ға жуық шекарашының ішінен үздіктері ғана іріктеліп финалға жолдама алды. Айқасқа толы жарыс күнінде біз шекарада небір мықты жауынгерлердің бар екендігіне көз жеткіздік. Арғысы Атырау, бергісі еліміздегі ең жас облысы Абайдан келген шекарашылардың көздерінде от, жүректерінде қайраты бар екенін іспен дәлелдеп, қазақ сарбаздарының мықты, мығым екенін көрсетті. Кей спортшы ұпай санымен жеңсе, кейбіреуі жеңісті айқын басымдылықпен жұлып әкеткенін көзіміз көрді. Бұл әрине қуанышты жағдай. Тартысты өткен белдесулер нәтижесінде өз салмақ дәрежелерінде:
57 келі салмақ дәрежесі бойынша І-орынға — Медет Ережепов (Түркістан облысы бойынша департаменті, Сарыағаш ауданы) Жарыс қорытындысы бойынша үздік шеберлік танытқан жауынгер номинациясы қосымша);
62 келі салмақ дәрежесі бойынша І-орынға — Әділбек Қалмен (Ақтөбе облысы бойынша департаменті);
67 келі салмақ дәрежесі бойынша І-орынға — Айбат Сербай (Ақтөбе облысы бойынша департаменті);
73 келі салмақ дәрежесі бойынша І-орынға — Ниязбек Ерманов (Түркістан облысы бойынша департаменті, Сарыағаш ауданы);
80 келі салмақ дәрежесі бойынша І-орынға — Берік Нұрпейісов (Ақтөбе облысы бойынша департаменті);
88 килограм салмақ дәрежесі бойынша І-орынға — Дәурен Нуфтуллин (Ақтөбе облысы бойынша департаменті);
97 келі салмақ дәрежесі бойынша І-орынға — Нұржан Иманбердиев (Жамбыл облысы бойынша департаменті);
97 келіден жоғары салмақ дәрежесі бойынша І-орынға — Ерсұлтан Саттарханов (Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті) ие болды.
Жеңімпаз және жүлдегер жауынгерлер естелік медаль, кубок және алғыс хаттарға ие болды.