Written By baxon_477_vm7u1zf1
Categories:

 ttjk

12-16 маусым күндері Түркияның Кайсери, Иозгат, Кыршеһир, Невшеһир қалаларына сарап шектік. Бұл саяхатқа арналған сапарымызға Түркия Туризм министрлігі Туризмді дамыту агенттігі мұрындық болды. Жаздың мамыражай шуақты күнінде жауған жаңбыр да саяхатымызға әр, нәр бере түскендей болды. Қызыл байрақты елге бізден басқа Өзбекстан, Түікменстан, Грузия, Сербия, Болгария мемлекетінен де журналистер барды. Бәріміздің мақсатымыз – ел, жер көру. Түрік бауырларымыз құшақ жая қарсы алғаны өз алдына, бесжұздызды қонақүйлерге қондырып, ең қымбат деген мейрамханалардан ас ішкізді. Ондағы қызмет көрсету сапасының өте жоғары деңгейде екенін айтпасам да біліп отырған шығарсыздар. Бауырлас елдің туризмдегі жетістігін көріп көңіл марқайды.

Біздің табанымыз тиген төрт қаланың да қойнауы тарихқа тұнып тұр. Әр тауы, әр тасы кезіндегі Селжұқ мемлекеті, Осман империясы кезіндегі ерекше оқиғаларынан сыр шертеді. Мәселен, Кайсеридегі 6000 жылдық тарихты, өркениетті сақтап тұрған археологиялиялық музейде Ассирия сауда колонияларының дәуіріне жататын дөңгелек құмыралар, металл бұйымдары, қолдан қашап жасалған түрлі мүсіндер т.б. көне жәдігерлер сол күйі сақталыпты. Қазақстаннан табылған балбал тастарға ұқсас жасалған мүсіндер бірден көзімізге оттай басылды. Міне, осындай ескі мұралар тарихымыздың қаншалықты тереңде жатқанын және қазақ пен түріктің бір-біріне қаншалықты жақын екенін сөзсіз дәлелдеп тұр. Бұл музей – көне дәуірден сыр шертетін Кайсеридегі бір ғана орын. Мұндай орын жетіп артылады.

Сапарымыздың екінші күні Иозгат қаласына аттанумен басталды. Алты елден келген 11 БАҚ өкілі алғашқы күндегідей емес, жол бойы бір-бірімізбен етене жақын сөйлесіп, өз еліміздің ерекшеліктері, салт-санадағы ұқсастық, тарихымыздың бір-бірімен астасып жатқаны туралы кеңінен әңгіме өрбіттік. Бір-біріміздің түсірілімімізге көмектестік, қалжыңдастық, тіпті, жақын досқа айналып бара жатқанымызды байқамай да қалдық.

Қош, сонымен Иозгатқа да жеттік. Ол Орталық Анадолы аймағында орналасқан провинция. Қала орманды, таулы болып келеді. Йозгат – Анадолыдағы ең көне елді мекендердің бірі болғандықтан, қаладағы Алишар қорғанынан 5000 жылдарға жататын ескерткіштер табылған.

Иозгатта біз тоқтаған алғашқы аялдама –Сарыкая Рим моншасы.Ол 2018 жылы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік Мұралар Тізіміне енген ерекше орын. Тарихшылардың, қазба жұмысын жүргізген археологтың айтуынша, мұндағы бассейнге түскен адам ауруынан құлан таза айыққан деседі. Себебі бассейн жерасты бұлағынан шығатын шипалы сумен толтырылған.

Иозгат қаласында біз бас сұққан тағы бір тарихи орын – Чапаноғлы мешіті. Ол Осман империясы кезінде салынғанымен, кей бөліктері еуропалық өркениеттен хабар беретіндей көрінеді. Мешіт екі бөліктен тұрады. Ішкі бөлігі 1779 жылы, сыртқы бөлігі 1795 жылы салынған. Әдемі мұнарасы, биік күмбезі бар мешіт қаланың кез келген нүктесінен менмұндалап тұр. Бұл да Иозгаттың негізгі символдарының бірі.

Бұл сапарда барған қалалар ішінде Кыршеһир қаласының орны бөлек. Бұл шаһардан әлемге бергілі астрономдар көп шыққан. Оған қаланың 4000 жылдық тарихы дәлел. Қала Ахи ұйымының негізін қалаушы Ахи Эвран және оның ізін басқан түрік Ислам ақындарынының, философтардың және сопылардың көп шығуымен танымал. Біз бұл қаладан Ахи Эвран мешітінен бастап, Жапон саябағы, Каман Калехоюк археологиялық музейі, Какабея астрономиялық медресесі, Нешет Ерташ мәдениет үйі, Мукур жерасты қаласын көріп таң-тамаша болдық. Осыншама тарихты қалай сақтап қалған деген ой келді бірден маған.

Ал соңғы аялдамамыз Невшехир қаласының тарихы біздің заманымыздың 7000 жылынан бастау алады. Мұнда әр дәуірде хеттер, фригиялықтар, ассириялықтар, парсылар, римдіктер, селжұқтар және османлылар өмір сүрген. Невшехир мен Каппадокия аймағы Рим империясы Ислам дінін мойындағанға дейінгі ұзақ уақыт бойыхристиандардың негізгі қонысы болған. Невшехирге әлемнің түкпір-түкпірінен туристерді келуге ынтық қылатын бірден бір орын – Кападокия. Әуе шарларына мінгескен адамдардың бақыттан бал-бұл жайнаған жүзін бұған дейін де видеолардан көрген боларсыздар?! Бұл алып шарлармен ұшу үшін адамдар ұйқыдан ерте тұру керек. Себебі, шарлар күн шыққанға дейін ғана көкке көтеріледі. Бір күндік ұйқыңызды қисаңыз, соған татитын сұлулықтың куәсі болатыныңызға сенімдімін. Біз Невшеһирдегі қонақүйден түнгі 3:30 шамасында Кападокияға аттандық. 4.30-5:00 шамасында жеттік те, бірден әуе шарына он біріміз міндік те кеттік. Көкке көтерілген сәттегі сұлулықты сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. 1 сағаттан аса уақыт бойы сол сұлулыққа көзді де тойдырдық, қалта телефонымыздың жадын да фото-видеомен тотырдық.

Невшеһирде бұдан бөлек Гёреме музейі, Учисар қамалы, Көгершін алқабы, Пашабағы аңғары, Каймақлы жерасты қаласы, Аванос, Гюрай қыш ыдыстар мұражайы сынды бірінен бірі өткен ерекше орындарды көргенде еріксіз аузымызды ашып, көзімізді жұмдық.

Ерекша айтуға тиіс дүние – түрік асханасының байлығы. Бес күн бойы бір тамақты екінші рет жемедік. Әр ас ішкен сайын дәмі тіл үйірер ұлттық тағамның түр-түрімен таныстық. Мейрамхана қожайынының өзі қасыңызға келіп, әлгі тағамның тарихын таныстырғанда, дәмін көргенше тағатың таусылатыны рас.

Ал Иозгат, Кыршеһир қалаларының мэрлері арнайы бізбен кездесіп, өз қаласынан не ұнап, не ұнамағанын, қаланы дамытуға қатысты ұсыныстарымызды арнайы жазып алғаны бұл саяхаттағы ең жылы сәт еді. “Дамимын деген мемлекеттің мемлекеттік қызметкерлері осылай жұмыс істейді екен ғой” дедім ішімнен.

Нұрболат Жаңаберген, Айбын Құсанбеков.