Written By baxon_477_vm7u1zf1

      Қазақта «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген аталы сөз бар. Қазақтың ұлттық дәстүрінде адамгершілікке баулитын, тіршілік иесіне зиян келтірмеу мен қоршаған ортаға жанашырлық сезімін тудыратын тәмсіл-ғұрыптар жеткілікті. Жоғарыда айтылған даналық сөздің өзі адамға байлықтан гөрі жасыл желектің орасан пайдасы бар екенін көрсетіп тұрғандай.

     Дініміз бойынша да ағаш пен жеміс ағаштарын егу сауапты амал. Пайғамбарымыздың бір хадисінде: «Кімде-кім бір ағаш отырғызса, бұл ағаш жеміс бергенге дейін оған қарап қорғаса, бұл ағаштан түскен әрбір жеміс Алла алдында ол адам үшін бір садақа болады» ,— деген. Тал егу дінімізде сауапты іс екеніне осы хадис дәлел.

Жасыл желекті жаңғырту және сауапты істің қарымынан құр алақан қалмау мақсатында бірлігі мен ынтымағы жарасқан, аты затына сай Құркелестегі Береке ауылының тұрғындары игі қайырымды шара өткізді.

Ауыл биі Рахметов Тахиржан Ахметұлы және ауыл тұрғындары көктемнің жайма жуақ күнінде Шымкент – Жетісай тас жолы мен №54 жалпы орта мектеп ауласына жалпы 700 түп тал отырғызды.

      Игі шараның басы-қасында болған аудандық мәслихат депутаты Мұхит Асилов және Құркелес ауылдық округінің әкімі Қанат Иматов осындай іс-шараға ат салысып жатқан жандарға алғысын білдіріп, ауыл ақсақалдары батасын берді.

     Ізгілікке бастайтын шараны ұйымдастырушылар егілген ағаштар таза ауа беріп ғана қоймай, еліміздің көркін ашатын жасыл аймақ болатынын мақтанышпен айтуда.

   »Бір тал кессең, он тал ек» қағидасын мықтап ұстанған халқымыз үшін тал егу — маңызды істердің бірі. Егілген ағаштың өсіп өнуіне және дұрыстап бапталуын өз қолдарына алған берекелік ағайындардың бастамасы аймақтарданда көрінсе игі демекпіз.

    Айта кететін маңызды ақпарат, осындай игі іске үлес қосып, егілген көшеттерге демеушілік жасаған аудандық мәслихат депутаты Мұхит Асилов болды.