Жоспарға сай, 9-10 маусым күндері Түркістан қаласында Түркістан облысының 5 жылдығына орай ұйымдастырылған «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалінің көшін Сарыағаш ауданы жалғап, үшінші күн еншісіндегі гала концерт, 12 маусымдағы елімізде жарияланған аза тұту күніне байланысты, ел еңсесі түскенде, той тойлағанды жөн көрмей, елмен бірге қайғыны бөлісуді жөн санап, кейінге қалдырылған болатын.

    Алдынғы өткен екі күндікте дәртүрімізді дәріптейтін игі шаралар: Этноауыл аумағында «Асыл мұра» атты қолөнер және қылқалам шеберлерінің көрмесінен бастау алған ауданның мәдениет күндері қала тұрғындары мен қонақтарын тамсандырған болатын. Рухани-мәдени шара аясында ұлттық салт-дәстүр мен ғұрыптардан көріністер көрсетілді. Сонымен қатар терме, халық әндері мен дәстүрлі әндер орындалды. Ал асық ату, ләңгі тебу, жаяу тартыс пен хан алшыдан сайыстар өткізіліп, шетелдік туристердің қызығушылығын тудырды. «Сарыағаш сыйы» атты ауданда өндірілген өнімдер мен ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңке-көрмесі өткен еді. Сол екі күнді тамашалаған облыс тұрғындары мен қонақтары Сарыағаштың гала концертін көруге асықты.

    Кешегі өткен жұмаға тура келген қортынды концерт күткен көрерменнің көңілінен шығып, ауданның мәдениет күндері қала тұрғындары мен қонақтарын тамсандырды, өнерпаздар баршаны бірге әсем ән салдырды.

    Тарқатып айтсақ, салтанатты шараны аудан әкімі Арман Абдуллаев ашып берді. Облыстың құрметті азаматтары Оңалбек Аяшов пен Әбілқасым Досболов бастаған зиялы қауым бастаған топ концерттің құрметті қонағы болды.

    Аудан басшысы Арман Айдарұлы: «Баршаңызды Түркістан облысының 5 жылдығымен құттықтаймын! «Өнерлі өлке» облыстық фестивалі ұлттық мәдениет пен өнерімізді дамытып, жастар арасында ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрпымызды дәріптеп, аймақтардан шыққан өнер майталмандарын көпшілікке танытары сөзсіз. Осы орайда Сарыағаш ауданының концертін бірге тамашалауға шақырамын», – деді

    Концерттік бағдарлама аудан мақтанышы, республика және халықаралық байқаулардың жүлдегері «Еркетай» би тобының орындауындағы «Туған өлке» экспозициясымен басталып, әншілер тобының орындауында «Саялы Сарыағашым» әнімен жалғасын тапты.

    Ауданымызды өнерлі өлке деп ауыз толтырып айтуға негіз бар. Олай дейтініміз, бүгінде қарапайым жұрт ұмыта бастаған, заманында бұл-бұл атанған

Қазақ кәсіби сахна өнері, ұлттық опера  театрының негізін қалаушыларының бірі, 1930 жылы Мәскеу консерваториясын тәмәмдаған алғашқы қазақтың кәсіби әншісі үні сұлу Үрия (Ұлбосын) Тұрдықұлова апамыз Сарыағаштың тумасы еді. Сондай ақ аты аңызға айналған «Досмұқасан» ансамбілінің негізін қалаушы Досым Сүлеев, әйгілі Опера әншісі Байғали Момбеков ағамыз, қазақ эстрадасының жарық жұлдызы, «Қазақстан Республикасы еңбек сіңірген қайраткері»,әнші Медеу Арынбаев, театр және кино актері Мейірғат Амангелдин, Цирк өнерінің майталманы,тұңғыш қазақ қыздарынан шыққан жыртқыш аң үйретуші Жанат Қалметова еліміздің мақтаныштары.

    Аталмыш шараға арнайы келіп, ән шырқаған Медеу Арынбаев, Жанат Қалметова аудан мақтаныштары Дархан Абсұлтанов, Глафира Богатова, Ташкент қаласында өткен Халықаралық «Жаз жұлдыздары» балалармен жасөспірімдер байқауының Гран при иегері Айша Уалихан, «Саялы Сарыағаш» этно-фольклорлық ансамблі, Сапаховтар отбасылық ансамблі, «Мейрам», «Еркетай», «Шашбаулым» би топтары өнер көрсетіп, көпшілікті тамсандырды.

    Халықтық драма ұжымының сахналауындағы «Бастаңғы» театрландырылған көрінісінде жеңге мен қайны арасындағы әдемі қалжың мен әсерлі әндер айтылды. Ал аудан әншілерінің орындауындағы «Түркістаным – Тұраным» әні кешті қорытындылады.

    Есте қаларлық есті күн күн сыйлаған Сарыағаш өнерпаздары ел мақтанышы болып, биіктерден көріне берсін дегіміз келеді.

Бақдәулет АЙДАҒАРАЕВ