ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментіне қарасты Қарасай ауданы бойынша шекара басқармасының техникалық және кәсіби даярлық бөліміне әскерге шақырылған жас жігіттердің алғашқы легі келді.
Жылдағы дәстүрмен, аталған бөлімнің бастаға подполковник С.Әуезов бастаған офицерлер мен сержанттар құрамы қақпадан алғашқы болып кірген 40-қа жуық бозбаланы бауырсақпен қарсы алды. Қаладан оншақты шақырым жердегі облыс орталығы Димаш Қонаев қаласынан әскери көлікпен жеткізілген жас жігіттердің жүздерінен қобалжу мен толғаныс білінеді. Десе де, мұның уақытша екені, санаулы күндерден соң олардың әскери өмірге үйреніп, әскердің темірдей қатаң тәртібіне қалыптасатыны белгілі. Бәрінен бұрын, қақпадан енген болашақ сарбаздарды қарсы алған Қуандық Рахымның «Мен қазақпын» әні олардың қайда тап болғанын паш етіп тұр еді…
Көліктен түсе салып, сапқа тұрғызылған әскерге шақырылушылардың алдына шыққан шекара басқармасы бастығының орынбасары – техникалық және кәсіби даярлық бөлімінің бастығы подполковник Сағадат Әуезов келушілерге арнап сөз сөйледі. «Отан қорғау – әрбір жас азаматтың қастері міндеті екеніп, сондықтан, бүгіннен бастап, олар үшін әскердің қарбалас өмірі басталатынын, мұнда сарбаздар шекара күзетудің қыры мен сырын үйреніп шығатынын», айтып өтті.
Бұдан әрі, сөз тізгінін алған шекарашы ардагерлердің «Застава тарландары» республикалық қоғамдық бірлестігінің Алматы қалалық филиалының белсенді мүшесі отставкадағы полковник Қазақбай Ертышбаев:
– Қырандарым, әскери келген келген қадамдарың құтты болсын! Осы сәттен бастап, сендер туған жерлеріңнің тыныштығын күзететін сарбазға айналасыңдар. Сендер үшін жаңа өмірдің ақ парағы ашылады. Мұнда сендерді тәжірибелі офицерлер мен кіші командирлер әскери өмірге үйретеді.
Айналайындар, мен де сендер секілді жас болып, қолыма қару алдым. Елімнің шекарасын күзету үшін. Саналы ғұмырымды шекараға арнадым. Антыма адал болдым. Осы үшін мемлекет мені «Шекараны үздік күзеткені үшін медалімен марапаттап, «Шекара қызметінің құрметті ардагері деген атақ берді. Еңбек демалысына құрметтеп шығарып салды. Алайда мен үйде бос отырмаймын. Өмірімнің қайталанбас жастық жылдары өткен шекараның бойына барып, өздерің секілді ұландармен кездесіп, шекара туралы әңгімелесемін. Қызығы мен қиындығын айтамын.
Үш айдан кейін сендер де осы жерден мамандық алып, шекараға аттанасың. Оған дейін талай мәрте кездесеміз. Осы жерде «Отан» деген сөздің мағынасы ұлы, қастерлі екенін түсініп, шекара барғанда мүлде басқа адамға айналатындарыңа мен кепіл… Шекара сендерді шыңдап шығарады. Ата-аналарыңның қадірін түсініп, өздеріңе ең қымбат жандардың түн ұйқысын, күндіз күлкісін қорғап жүргендеріңді әлі-ақ мақтан ететін боласыңдар. Бұл үшін сендер әскери өмірдің қатал тәртібіне бағынып, жақсы оқуға тырысуларың керек. Солай болатынына да сенемін. Өйткені, ссендер жанбасаңдар, кім жанады?
Қадамдарың құтты болсын!
Иә, Шекара қызметінің кеудесі алтын сандық ардагері Қазақбай ағамыз азаматтық борыштарын өтеу үшін шекарашылар сапын бірінші болып толықтырған жас толқынға Парыз бен Борыштың, Отанға деген махаббаттың, Елге деген адалдықтың асыл қасиетіне бастар жолды көрсетіп тұр еді…
…Міне, осылайша, күздің алғашқы аптасында әскерге шақырылған жас азаматтардың алғашқы легі де келіп жетті. Тек, бұл бастамасы, айдың соңына дейін 500-дей сарбаз келеді деп күтілуде. Ал бүгін 40-қа жетеғабыл жас жігіттерді мұнда әдеттегідей медициналық тексеріс күтіп тұр. Содан кейін әрқайсының бойларына шақтап тігілген әскери форма беріледі. Тек, бұл – олардың шекарашы атанғанын білдірмейді. Бұл үшін ең алдымен әскери өмірдің барлық теперішінен – ауыр жаттығуларынан өтіп барып, Ант қабылдауға тиіс. Міне, сонда барып, ел шебінің қорғаны деген мәртебелі атақты иеленіп, қолдарына нағыз қару беріледі. Тәуелсіз елінің тыныштығын күзету үшін!
Демек, бұл толқынның – қай толқын екенін уақыт көрсетеді.
Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА,
ҰҚК Шекара қызметінің запастағы подполковнигі.