Ағылшын жазушысы Бернард Шоу «Қолынан іс келетін адам жасайды, келмейтін адам үйретеді» дейді. Рас, қолынан іс келетін адам үшін арман-мақсатын жүзеге асыруға ештеңе кедергі бола алмайды. Тек қарым-қабілет пен ынта-жігер ұштасса болғаны. Бүгінде істің қиюын келтіріп, кәсібінен нәпақасын тауып жүрген жандарды көргенде ерекше қуанасың. Ауыз толтырып айтуға оңай болғанымен, кәсіп ашып, оны одан ары дөңгелентіп әкету екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. Өйткені қандай да бір істі бастар жолда кездесетін кедергілер мен қиындықтарға төтеп беру ерік-жігердің күштілігіне байланысты. «Еңбек адамы» айдарының кезекті кейіпкері мүмкіндігі шектеулі болғанына қарамастан, бойындағы тынымсыз еңбек, талпысының арқасында жеке кәсібін өркендетіп отыр. Талабы мен табандылығын бір арнаға тоғыстырған Ырыскүл Баратова кәсіпкерлік саласына тың идея әкелді. Декоративті нан өнімдерін жасап шығарумен айналысып жатқанына небәрі жарты жылға жуықтады. Ағымдағы жылдың маусым айында «Ырысты нан» атты декоративті нан өніммдерін өндіру жобасын сәтті қорғап, мемлекеттік қолдауға ие болды. Мемлекеттік грант арқылы қаржыланған кәсібі қадамын сәтті бастады.

– Алғашында болашақтағы кәсібімді қалай бастаймын, қалай дамытамын және оның пайдасы жөнінде көп ойландым. Қайтарымсыз грантқа ие болған кезде алдын ала жоспарланған істерімді лезде бастап кеттім. Қазір кішігірім наубайханамыз жұмыс істеп тұр. Мен кәсібім аясында өзімнің тәжірибемді жетілдіре түстім дей аламын. Бұған дейін де нан өнімдерін пісіруде өзімнің қабілетім, тәжірибем де болды. Тұтынушы үшін ең бастысы – нанның дәмдік қасиеттері мен жоғары сапасы. Мұнда нанның 5-6 түрі пісіріледі. Тәтті тоқаштар, батон, пәтір нан, қара нан, көмеш нан, жаппай нан мен тоқаштардың бірнеше түрі жасалады. Тапсырыспен самса, тоқаш, бауырсақ әзірленеді. Бұлардың барлығын базар бағасынан төмен сатамыз. Сондықтан тұрақты тұтынушылар қатары көбеймесе, азайған емес. Сонымен бірге той-жиындарға арнайы тапсырыс алатын адамдар бар, — дейді кәсіпкер келіншек.

Бүгінде шағын кәсіп иесі күніне орта есеппен 150-200-ге тарта нан пісіріп сатады. Көбіне «Ырысты нан» наубайханасының тұтынушылары өнімдерді той-томалаққа, жиындарға алып отырады. Ал күнделікті нан өнімдерін базардағы сатушыларға да жеткізіп беріп отырамыз дейді кәсіпкер. Мемлекеттік қолдаудың игілігін көрген Ырыскүл Баратова тек кәсібін ашып, тұрмысын түзеп қана қойған жоқ, екі адамды жұмыспен қамтып отыр. Кәсіпкер келіншек нан өнімдеріне деген сұраныстың ұлғаюына байланысты алдағы уақытта кәсібін кеңейтуді жоспарлап отыр. Ойы жүзеге асып жатса, ауылдастарына қосымша жұмыс орындарын ашу ойында бар. Мемлекеттен қолдау болса, кәсібінің көкжиегін әлі де кеңейтуге ынталы.
«Ел ішінде «Өңірдегі шағын кәсіпкерліктің дамуы нан мен астың арзандығынан білінеді» деген сөз бар. Ол рас. Нан – береке. Нан – байлық. Адалдық пен ерінбей еңбек етуді мақсат етіп, шағын кәсіптен-ақ көктеп, көгеріп отырмыз. Жаңа наубайхананың жұмысын бастау,әрине, оңай емес. Жеке кәсіп ашуда қайтарымсыз грант пен жеңілдетілген несие алу мүмкіндігі – мемлекет жасап отырған жақсы қолдау деп білемін.. Кім еңбекті жақсы көрсе, оған қашанда жанына жайлы жұмыс табылады. Мемлекет бизнесті ашуда маған үлкен мүмкіндік берді. Бұл кәсіпті жүргізуіме отбасым қолдау көрсетуде. Бүгінде дайын нан өнімдерімізді базарға, тойханаларға өткіземіз. Одан бөлек, тұтынушылардың қалауына орай тапсырысқа да тәттілер қабылдап жатырмыз», – дейді кәсіпкер.
Күнделікті тұтынатын тамақтардың қатарында нанның рөлі қашанда жоғары. Нансыз қазаққа ас батпайды. Сондықтан оны кәсіп ретінде пайдаланған кез келген адамның өндірісінің ілгерілемеуі мүмкін емес. Бұл ретте еңбек адамы Ырыскүлдің қарекетіне көңіл қуанып, көз сүйінеді. Шағын наубайханасымен аудан тұрғындарын нанмен қамтамасыз етіп, мемлекеттік жәрдеммен табысқа кенеліп отыр. Ал ендігі мақсаты – ауданнан ары асып, облыстың да сұранысына ие болу. Ең бастысы, «Нан болса, ән де болатынын» көкейіне құйып алған кәсіпкер келіншектің болашаққа бағыттаған жоспары да көп. Мақсаты – айқын, ниеті бекем. Нарыққа жаңадан қосылған шағын ғана наубайхана сапалы өнімдермен қуанта берсін!
Майра ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ