Түркі елдерінің ақпарат құралдары мен журналистері қысқамерзімді және ұзақмерзімді стратегиялық жоспарларды құра отырып, мақсатты да үздіксіз дамуға мүдделі. Бұл туралы ІІІ Халықаралық түркітілдес журналистер медиа форумы Түркі тілдес журналистер қорының президенті Нәзия Жоямергенқызы айтты.
Оның айтуынша, медиа форумының атауын «TURKTIME: ТҮРКІ МЕМЛЕКЕТТЕРІНІҢ МЕДИА БІРЛІГІ» атауының бірнеше себебі бар. 2023 жылдың 3 қарашасында Астанада Түркі мемлекеттері ұйымының Х саммиті өтті. Халықаралық жиында Қазақстан Ұйым төрағалығын қабылдап алды. Президент Қ.Тоқаев: «Түркі бірлігін таныту үшін біздің төрағалығымыз «ТҮРКІ ДӘУІРІ!», яғни «TURKTIME!» ұранымен өтеді» деп мәлімдеді. Осы орайда, «Түркі әлемінің келешегі – 2040» атты құжат бекітіліп, Түркі мемлекеттері ұйымын одан әрі дамыту мақсатында маңызды 8 бағыт – салт-дәстүр, түбі бір түркіге ортақ құндылықтарды біріздендіру, реформалар, ғылым, сенім, инвестиция, медиация және энергияға басымдық берілген болатын.
«Дәл осы басты бағыттардың арасында түркітілдес бұқаралық ақпарат құралдарының бірлігі де болуы тиіс. Себебі, кез келген бастаманы халыққа жеткізіп, насихаттайтын – БАҚ өкілдері. Соңғы кездері соғыстар, пандемия, климаттың өзгеруі, ресурстар тапшылығы, экономикалық қиындықтар, медиа саласындағы бәсекелестіктің артуы, ақпараттық манипуляция мен жалған ақапарттардың күшеюі, БАҚ-тағы кәсіби этиканың жиі сақталмауы Қазақстанмен қатар әлемдік журналистиканың басты проблемасына айналған», — деді қор басшысы.
Айта кетейік, форум аясында 3 желтоқсанда «Әлеуметтік журналистика: БАҚ-тағы әлеуметтік мәселелер» тақырыбына семинар-тренинг өткізілді. Сондай-ақ, қаржы тақырыбындағы «Еркін сөз»-2023 және «Әлеумет – қоғам айнасы»-2023 байқауларының жеңімпаздары анықталды.
«Бүгінгі медиа форумда біз Қазақстан мен түркі елдерінен жиналған әріптестерімізбен бірге медиа саласындағы түйткілдер мен оларды шешудің жолдарын қарастырып отырып, ортақ жобалар жасауды кеңсеміз. Басты мақсатымыз – түбі бір түркінің тарих, руханият, өнер, экономика мен саясатын түркі халықтарына насихаттау, оларды бір біріне жақындастыру. Өкінішке қарай, 70 жылға жуық үстемдің құрған Кеңестер одағы бауырлас халықтарды бір біріне жат қылды. Әліпбиін өзгерту арқылы қазақ, қырғыз, өзбек, түркімен, татар, башқұрт, қарақалпақ тағы басқа ұлттардың арасындағы бауырластық байланысты үзуге тырысты. Біз, түркі елдерінің ақпарат құралдары мен журналистері осы олқылықтардың орнын толтыруға күш салуымыз қажет. Ол үшін қысқамерзімді және ұзақмерзімді стратегиялық жоспарларды құра отырып, мақсатты да үздіксіз дамуға мүдделіміз», — деп қосты Нәзия Жоямергенқызы.
Бұған дейін 2023 жылдың тамызында Түркітілдес журналистер қоры Қазақстан, Ұлыбритания, Германиямен бірігіп Дүниежүзілік баспасөз ассоциациясын құрған болатын. Бүгінгі күні бұл қауымдастыққа Қазақстан төрағалық етіп отыр.
«Басты мақсат – қазақ журналистерін әлемдік деңгейде дамыту, халықаралық БАҚ және медиа саласындағы үкіметтік емес ұйымдармен бірге ортақ жобаларды жүзеге асыру. Соңғы кездері отандық БАҚ өкілдеріне қысым мен шабуыл жиіледі. Осы орайда, Түркітілдес журналистер қоры қажет болған жағдайда қазақ журналистердің құқын Дүниежүзілік шетелдік баспасөз ассоциациясы арқылы әлемдік деңгейде қорғауды көздейді. Бүгінде мың құбылған әлем бірігуге, бір болуға мәжбүрлейді. Қазақтың «бөлінгенді бөрі жейді» деуі тегін емес. Сондықтан бауырлас халықтармен іргеміз ажырамасын. Біз, қазақ журналистер, түбі бір түркінің медиа саласын бірге дамытуға күш салайық», — деді форумның ашылу салтанатында сөз сөйлеген «Түркітілдес журналистер қоры» қоғамдық қорының президенті, Дүниежүзілік шетелдік баспасөз ассоциациясының президенті Нәзия Жоямергенқызы.
Еске сала кетейік, «Turktime: түркі мемлекеттерінің медиа бірлігі» тақырыбына ІІІ Халықаралық түркітілдес журналистер медиа форумының ұйымдастырушылары — «Түркітілдес журналистер қоры» ҚҚ мен Дүниежүзілік шетелдік баспасөз ассоциациясы (World Foreign Press Association – WFPA), серіктесі — «Шеврон» компаниясы. Форумға Қазақстанның барлық облыс, аудандарынан, сондай-ақ Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Түркия, Бельгия, Британия, Нидерланд елдеріндегі түркітілдес БАҚ басшылары, журналистер, медиа саласындағы үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, ЖОО журналистика факультеттерінің декандары мен оқытушылары қатысып жатыр. Форумда отандық және шетелдік медиа сарапшылар Түркі мемлекеттерінің ақпараттық ынтымақтастығы, кәсіби этика, құқық және ақпараттық қауіпсіздік мәселелерін талқылайды. Сонымен қатар контентті монетизациялау мәселелері, жасанды интеллект трендтері мен оны медиа кеңістікте қолдану тақырыбы талқыланып, тренинг өткізу көзделіп отыр.