Түркістан қаласы облыс орталығына айналғаннан бері шаһарды абаттандыру жұмыстарына мықтап көңіл бөлінуде. Жасыл желекке оранған саябақтар мен аллеялар, көше бойы тізілген ағаштардың тұрғындар үшін жайлы атмосфера сыйлары айдан анық. Көне шаһардағы саябақтарды абаттандыру жұмыстарымен және оларды күтіп-баптау, суғарумен бірнеше мекеме айналысуда. Соның бірі — «Жасыл Түркістан» КММ ұжымы.
Қазіргі уақытта «Жасыл Түркістан» мекемесі тарапынан қаланы абаттандыру жұмыстары үздіксіз атқарылуда. Мекеме қызметкерлері рухани шаһардың гүлдене түсуі үшін жүйелі жұмыстарды жалғастыруға дайын.
«Жалпы «Жасыл Түркістан» мекемесіне қала аумағындағы 495 гектар күтіп-баптау аймағы бекітілген. Соның 190 гектарына біздің мекеменің мамандары қызмет көрсетсе, қалған аумақтарға бірнеше мердігер компаниялар жауапты. Қазіргі таңда мекеме қарамағында 200-ге жуық адам жұмыс істейді. Мекеме қызметкерлері саябақтар мен гүлзарларға көшет отырғызудан бөлек, көгалдарды тырмалау, арамшөптерін шабу, алаңқайларды қоқыстан, қураған жапырақтардан тазалаумен, қала аумағындағы сәулет мүсіндерін тазалап, сырлаумен айналысады»,- деді мекеме директоры Көркемжан Тұрсынбайұлы.
Айта кетерлігі, өткен жылы мекеме тарапынан 200 мыңнан астам ағаш, 140 мың дана сәндік гүл егілсе, шаһардың 95 мың шаршы метр аумағы көгалдандырылды. Ал, жыл басынан бері 12 гектар жерге 15 046 ағаш көшеті егіліп, 9 мың шаршы метр аумақ көгалдандырылған. Оған қоса, гүлдерге арналған аумақтарға 110 мың түп көпжылдық, 90 мың түп біржылдық гүлдер егілді. Олардың қатарында астар, хризантема, сальвия, шафран, петуния және раушан гүлдері бар.
Көшеттердің әрмен қарай тамыр алып, өніп кетуі үшін суғару жүйесінің алатын орыны айрықша. Осы мақсатта қаладағы саябақтар мен гүлбақтарда, көшелерде автоматтандырылған суғару жүйесі енгізілген. Суғару жұмыстары күнделікті жүргізіледі. Қаладағы суғару жүйесі жүргізілмеген кейбір тараптарға арнайы 10 көлік қарастырылған.
Бақдәулет АНАРБАЙ.