Жаңа 2025-2026 оқу жылында Сарыағаш ауданы білім жүйесіндегәі инфрақұрылыммен ерекше көзге түсті. Білім бөлімі 1 қыркүйек күні қос бірдей білім ошағы пайдалануға берілді деп сүйіншіледі. Бұл –Сарыағаш ауданындағы білім беру саласындағы елеулі жаңалықтардың бірі. Президент пәрменімен қолға алынған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында ашылған білім ұяларының бірі –Сарыағаш қаласының аумағында болса, бірі – Қыжылжар ауылдық окургіндегі Жаскешу елді мекенінде. Осылайша, өңірдегі балалардың заманауи стандарттарға сай жабдықталған оқу ғимаратында білім алуына жол ашылды.

    Салтанатты ашылу рәсіміне Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев арнайы қатысып, ұстаздар мен оқушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады. 

    Жаңа білім ордалары 900 орынға шақталған. Мектепте балалардың ғылыми-техникалық бағытқа деген қызығушылығына ерекше көңіл бөлінеді. Әлеуметтік педагог, психолог, логопед, сенсорлық бөлмелер мен ерекше білімді қажет ететін балаларға арналған кабинеттер жұмыс істейді. Дене тәрбиесі мен салауатты өмір салтына да айырықша көңіл бөлінген. Мектептің басты артықшылығы – оның толық заманауи техникалармен жабдықталуында. Интерактивті сыныптар, мультимедиялық құралдар, озық STEM зертханалары, робототехника кабинеттері оқушыларға жаңаша білім алуға мүмкіндік береді. Оқушылар енді тек дәстүрлі емес, электрондық ресурстармен де жұмыс істей алады.

    «Келешек мектептері» жобасы аясында бой көтерген жаңа білім ұялары аудандағы  оқушы орындарының тапшылығы мәселесін шешіп, өңірдің білім беру инфрақұрылымын дамытуға өз үлесін қоспақ.

Майра НҰРМАХАН