Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті мен «СINEMA INVEST GROUP» ЖШС Kinoparkі арасында аудиовизуалды құжаттарды насихаттау жөніндегі ынтымақтастық пен өзара іс-қимыл туралы меморандумға қол қойылды.

Жобаның мақсаты — өскелең ұрпақты өз елінің тарихына қызығушылығы мен назарын аудару және қысқа метражды бейнероликтерді киносеанстарының алдында көрсету арқылы ұрпақтар арасындағы байланысты сақтау. Бұл бастама көрерменнің назарын тарихи материалдарға аудара отырып отандық тарих пен мәдениетке деген қызығушылықты арттыруды көздейді.

 Осы орайда ҚР МАМ Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалары архивінде сақталған кино, фото және аудиоқұжаттар негізінде жасалған бейнематериалдар әзірледі.  

Тарихи көрсетілім еліміздегі  Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен облыс орталықтарындағы жалпы 24 кинотеатрда әр аптаның жұма, сенбі және жексенбі күндері кешкі уақытта көрсетілуде.  

Көрсетілетін бейнероликтер «Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы», «Қазақстан тарихындағы ең алғашқы фотосурет», «Қазақстан тарихындағы ең алғашқы аудиожазба», «Түрксіб-Шығыс пен Батысты жалғаған жол», «Алматы архитектурасының эволюциясы», «Нейрожелінің көмегімен өмірге келген этнографиялық фотосуреттер» сынды түрлі тақырыптарды қамтиды.