Қуыршақ театры — халқымыздың мәдени мұрасында ерекше орын алатын өнер түрі. Бұл театрдың басты ерекшелігі — қуыршақтар арқылы көрерменге ой салу, тәрбиелік мәні бар туындыларды жеткізу. Әсіресе балалардың дүниетанымын қалыптастыруда, қиялын дамытуда қуыршақ театрының рөлі зор. Тарихқа көз жүгіртсек, қуыршақ өнері ғасырлар бойы халықтың салт-дәстүрін, тұрмыс-тіршілігін көрсетіп, тәрбиелік мәні бар қойылымдар арқылы ұрпақ санасына рухани байлықты сіңіріп отырған. Бүгінгі таңда да қуыршақ театры заман талабына сай дамып, көрерменге жаңа қырынан танытылып келеді.
1935 жылы Алматы қаласында алғашқы мемлекеттік қуыршақ театры ашылып, балаларға арналған тәрбиелік қойылымдар қоя бастады. Осы кезден бастап қуыршақ театры үлкен даму жолынан өтіп, еліміздің әр өңірінде жаңа театрлар ашылып, шығармашылық топтар жас ұрпаққа рухани тәрбие беріп келеді.Қуыршақ театры тек балалар үшін емес, ересектерге де арналған терең мағыналы қойылымдармен танымал бола бастады. Қазіргі заманда түрлі технологиялар мен сахналық мүмкіндіктердің арқасында қуыршақтар арқылы күрделі тақырыптарды көтеріп, көрерменге әсерлі ой тастау мүмкіндігі артуда. Ендеше, театрдың тынысынан сыр шертетін Әкімшілік және ақпарат бөлімінің меңгерушісі Гүлім Көпбайқызымен сұхбаттасақ.
Сәлеметсіз бе,Гүлім Көпбайқызы.Мен сізден «әкімшілік және ақпарат» бөлімі жайлы мәлімет алсам деген едім. Сол жайлы бір-екі ауыз айтып берсеңіз.
- Біздің бөлім тікелей театрдың әкімшілікке қатысты барлық сұрағына жауап беріп,жылдық,маусымдық жоспарды анықтайды.Және көрермендермен тікелей байланысып,тоқсандық есептер жүргізеді.Сонымен қатар, әр мереке қарсаңында өтетін жобаларға біздің бөлім жауап береді.
Сонымен қатар театрда өтетін фестивальдерде де сіздердің атқарар жұмыстарыңыз орасан зор ғой,Солай ма?
- Иә,өздеріңіз де білесіздер біз биыл үшінші рет. «Almaty puppet festival »-ін өткізгелі отырмыз.Осы фестивальдің концепциясы,негізгі ережелері,және одан бөлек ұйымдастыру жұмыстарының барлығына даму бөлімі жауап береді.
Биыл өтетін «Almaty puppet festival»-ға қатысатын мемлекеттер тізімі белгілі ме?
- Қазір біз барлық театрларға фестивальдің анкетатарымен ережелерін жібердік.Өтініштерді тамыз айына дейін қабылдаймыз.Сондықтан әлі нақтыланған жоқ.Қазірдің өзінде өтініштер келіп түсіп жатыр.Біз географиялық кеңістігімізді әлі де ұлғайтамыз.Былтыр он беске жуық театр ұжымы өнер көрсетсе ,биыл қатысатын мемлекеттер саны одан көп болуы мүмкін.
«Әкімшілік және ақпарат» бөлімінің нәтижелерімен бөлісесіз бе?
- Біздің үлкен нәтижелеріміздің бірі :театрымыздың 85 жылдығына арналған үлкен фото альбомда театрдың тарихы,85 жыл ішінде осы театрда қызмет еткен актерлер,қойылған спектакельдер барлығы осының ішінде қамтылған. Ал,қазір біздің бөлім 90 жылдықтың аясында атқарылатын жұмысқа дайындалып жатыр.
Әлеуметтік желілердегі парақшаларыңызда спектакельдерден, репертуарлардан бөлек түрлі айдарлар жүргізеді екенсіздер.Сол бағдарламалардың негізгі бағытын айтсаңыз.
- Иә,біз әлеуметтік желіде түрлі платформаларда (инстаграм,тик-ток,ютуб,телеграм) бармыз.Яғни көрерменді жан-жақты хабардар ету де біздің міндетімізге жатады.Ол дегеніміз тек спектакельдерге жарнама жасау емес ,біз көрерменді сахна сыртындағы оқиғалармен қызықтыруымыз керек.Мысалы,біздің актерлердің шығармашылығына қызығатын көрермен бар шығар,мүмкін актерлермен жеке тілдесуге қысылатын шығар.Сол үшін де біз парақша арқылы көрерменмен тығыз байланыс орнатамыз.Осындай тығыз насихаттың нәтижесінде «Сыншылар жүлдесінде қатарынан 4 –рет «ең үздік БАҚ өкілдерімен жұмыс жасаған театр» атандық.
БАҚ өкілдерімен тығыз байланыстамыз дедіңіз.Жылдық нәтижеде қанша рет БАҚ беттерінен орын аласыздар.
- Жылдық нәтижеде біз 500-ге жуық шығарамыз. Жылдың басында біз өзімізге жоспар қоямыз:Мынанша премьера қоямыз,мынанша рет БАҚ беттеріне шығамыз дегенди.Фестивальдер аясында да телеарналарға,радиоларға біздің бөлім хабарласып, байланыс орнатады.
Театрдың 90-жылдығына дайындықтарыңыз қалай?
- Театрдің 90 жылдығына орай үлкен жоспарлар бар.Мерей тойға жоспар 2025жылдың басында Алматы қаласы мәдениет басқармасының басшысы бекітуімен толықтай жүзеге асырылды.Бұйырса,өте үлкен халықаралық жобалар өтеді.Ең алғашқысы театрдың 90 жылдығына арналған тарихи кітаптің тұсауы мамыр айында кесіледі.Күзде халықаралық деңгейде «Almaty puppet festival ІІІ» өткіземіз,Фестиваль аясында тұңғыш рет осы театрда музей ашамыз. Мамыр айында театр ішінде лаборатория ашылады.Фестиваль аясында халықаралық форум өткізетін боламыз.
Сізге көп-көп рақмет.. Шағын сұхбатымызға келіскеніңізге алғысымыз шексіз. Жұмыстарыңыз жандана берсін.
Міне, біз қуыршақ театрының ақпараттық бөлімі жайлы тың мәліметтерге куә болдық. Қуыршақ театры — халықтың рухани әлемінің айнасы, тәрбие мен өнердің ұштасқан тұсы. Ол тек көңіл көтеру құралы емес, жас буынның жан дүниесін байытып, өмірге деген көзқарасын қалыптастыратын маңызды өнер саласы. Сондықтан да бұл театрдың дамуына қолдау көрсетіп, оның құндылығын арттыру — барша театр қызметкерлерінің міндеті. Қуыршақ театрының болашағы жарқын, себебі ол — бала мен өнер арасындағы алтын көпір.
Дәлібаева Шұғыла, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Театртану» бөлімінің 1 курс студенті