ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Алматы мен Жетісу облыстарының ұйымдастыруымен жас ақын-жазушыларға арналған әдеби тур басталды.

Министрлік жанынан құрылған «Alqa»жастар клубының мүшелері балалар әдебиетінің бәйтерегі Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына орай жазушының ауылы Қостөбеге барып, қаламгер оқыған тарихи мектеппен танысты.

Сонымен қатар мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың туған жері Қарасазға табан тіреп, ақынның өмірінен сыр шертетін Мұқағали Мақатаевтың әдеби- мемориалды музейіне барды. Музейдің үш экспозициялық залында ақынның 1200-ден аса экспонаты, жұмыс үстелі мен қолданған заттары және қолжазбалары әрбір келушіні ерекше қызықтырады.

Алматы облысындағы сапар барысында Мұқағали ақынның музейінде жас ақындар жыр оқып, әдеби кеш өтті.

«Алғаш рет ұйымдастырылған әдеби турдың мақсаты тарихта ізі қалған әдебиет алыптарының туып-өскен өңірімен танысып, өмір жолы мен шығармашылығына терең үңілу және жас қаламгерлердің алда жазар шығармаларына құнды ақпараттар алуына сеп болу», – деді Мәдениет және ақпарат министрінің кеңесшісі Шерхан Талап.

Іс-шара аясында Райымбек батыр ескерткішіне тағзым жасалып, Көлсай, Шарын шатқалы таныстырылды.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда әдебиет саласына қолдау көрсету, оның ішінде жалпы жастар тәрбиесі, кітап оқу мәселелерін қолға алуға қатысты нақты тапсырмалар бергені белгілі. Осы орайда Мәдениет және ақпарат министрлігінің жанынан «Alqa» жастар әдеби клубы жас қаламгерлерге қолдау көрсету мақсатында түрлі бағыттағы жобаларды жүзеге асыруда.

Әдеби тур Ілияс Жансүгіровтің 130 жылдығына орай Жетісу облысында жалғасады.