«Цензураның мың ширатылған қызыл жылан жіптерімен қол-аяғы мықтап байланған О. Бөкей кеңесті кемсітудің жолын дәл тапты; ол – қазақты биіктету, рухын ояту… Қаламгер сондықтан да кітаптан кітапқа қазағын Алтайдың асқар шыңына өрлете берді. Ең аяғында, өзі де қасқа құлынын жетектеп, қар жамылған Мұзтаудың ұшар биігінде күнге қасқая қарап, Кербұғыдай қарысып тұрып қалды. Мәңгілікке!..».

Марат Қабанбай

Оралхан Бөкей — Алтайдың ару табиғатын құмарлана жырлаған шебер жазушы.

Қазақ жерін Қытаймен де Моңғолмен де  жалғап тұрған өлкеге арналған көп шығарманың бірі – Мұзтау. Аршалының арғы жағында таудың мұзға бөккен әр қатпары тарихтағы талайды бүгіп жатса керек. Қаламгер сол заманғы цензурадан тайсалмастан асқан ержүректілікпен бүркелген тарихтың бетін аша білген. Оған себеп, туындының 1975 жылда басылып шыққандығы. Одақтың көркемдік кеңесінің күрмеуі көп талаптарын артқа тастай алу үшін де  қарымды қалам мен түгі мықты жүрек керек.

Кеңестік кеңістікте жауыз әрі, қанішер патша етіп суреттелетін Шыңғыс ханды ақтап жазады. Оны автор өз ойы емес, көпті көрген қарияның сандырағы есебінде ұсынады. Ауылдағы алжыған шалдың өтірік ертегісі деп береді. Бұның артынан мән іздеуге болады. Себебі, ақ пен қызылдың шайқасқан шағында озбыр әскер ең бірінші болып, кемпір-шалдың көзін құртқан деседі. Ескінің әңгімесін елге айтып, рухын оятпас үшін, тарихын еске түсірмес үшін, ең дұрыс шешім — көпті көргеннен құтылу. Ал, автор бас кейіпкерді  өз атынан ақсақалға қарсы сөйлетіп, Шыңғыс ханды қаралап кетеді.

Шыңғыс ханның стратегиясы әскери басқару стилі мен елді орналастыру дағы ойшылдығы да кәрі шалдың әңгімесіне тұздық болады.  Шыңғыс ханның неге Қарақорымға елдің астанасын көшіргенінінің мәні Қытайдың жеріне көз тігу екенін айтады. Бұл — Кеңес Үкіметіне жағатын ой.

Сөз арасына қазақтың түп атасы сақтар деп атап айтып, олардың салт-дәстүрін де Шыңғыс ханның жаугершілік салтына кірістіреді. Қият-қыпшақ қазақтың арғы атасы екенін, қазақтың түпкі тамыры тереңнен жайылып жатқаны айтылады. Бұл қазаққа жасап бердік, ондай халық болған жоқ деп көкитін сол ғасырғы көп ауыздарға қақпақ болуға айнымас айғақ еді. 

Атын айтпақ түгілі, ойлауға қорқатын Алаш сөзі де осы шығармада ұшырасады. Жазушы Шыңғыс ханның әкесін атай келе, бұл сөздің шығу тарихын, үш жүздің кең байтақ жерге орналасу жобасын айта кеткен. Бұл да — көне көз қарияның аузына келгені деп жазылған.

Қазақтың басынан өткенін айту осымен тоқтай ма? Кешегі күнгі Ақтабан-Шұбырынды мен ашаршылық та, баланы жетім, әйелді жесір еткен Ұлыға балайтын Отан соғысы да, отаршыл патша да Мұзтаудың ішінде бір сөйлеммее болса да, қаужалып өтеді. Советтер байларды қудалағанда Алтай асып бара жатып, бар байлығын Мұзтауға жасырған.

 Мұзтау тек қазақтың емес, бауырлас қырғыздың да тарихын ішіне бүккен. Алтай қырғыздарының бұл жерде қандай ғұмыр кешкенін жазған.

Адам өз басына ғана табынуы тиіс деп ұрандаған саясаттың астында тұрып, діни элементті шығармасына қосу көптің қолынан келе бермейді. “Арғы бабам Мекке-Мәдинаға барған”, “Ақтан қулқуалласын айтып, иманын үйірді” деген сөйлемдер кездеседі. Ескі  қазақтың нақ өмірі дәл осылай  еді. Партия “Құдай жоқ!” деп аттандаса да, далада жүрген халық салт-санасын ұмытқан емес.

Әр сөзге мән бере қарап, астар іздеп көруге де болады. Мысалы,  “ендігі жауың батыстан емес, Шығыстан, одан қалды Күншығыстан”, енді бірде “Ақтан көз сата батысқа, қауіптене шығысқа қарады” дейді. Батыс деп Еуропаны, Шығыс деп Қытайды, одан әрі  Американы айтып тұрғаны, сол заманғы саясатты білетін адам үшін түсіну қиын емес.

Мұзтаудың мұзбалағы деген ардақты ат алып берген шығарма ішінде автор ақжарма тілегін айта кетеді. “Ерте ме кеш пе Ұлыстың ұлы күні туар. Кейінгі ұрпақ тағдырына, өз жеріне өзі қожа болса екен. Кейінгі ұрпақ ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпесе екен!” деп жазады. Оралхан аңсаған күн туды. Бүгінде Мұзтау қатпарында қатып жатқан қазақтың тарихы жібіп келеді. Азаттықтың ақ таңы қалемгер аңсағандай ұрпаққа өз  шұғыласын таратып келеді.

Сәдуақас Шаттық

Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясы

“Медиажурналистика” мамандығы 4-курс студенті