Written By admin

Бүгін (13-қыркүйек) Қ.А. Яасауи атындағы ХҚТУ Еуразия ғылыми-зерттеу институтында ағылшын тіліндегі «The Wisdom of the Great Steppe» және екі томдық «Абай Құнанбайұлы: сипаттамалы библиографиялық көрсеткіш» кітаптарымыздың таныстырылымын өткіздік.

Іс-шараға қатысып, лебіз білдіріп, ой бөліскен барлық қатысушыларға шынайы алғысымызды білдіреміз.

Ағылшын тілінде Түркияның астанасы Анкара қаласында жарық көрген «The Wisdom of the Great Steppe – Abai Kunanbaiuly» ұжымдық монографиясы шетелдік қауымға қазақтың бас ақыны Абай мен оның мұрасын жан-жақты танытуды мақсат еткен ғылыми басылым. Кітапта отандық және шетелдік абайтанушы ғалымдардың ұлы ойшыл ақынның заманы мен өмірі, әулеті мен әдеби айналасы, ұлт зиялыларына ықпалы, шығармашылық мұрасы мен әдеби мектебі, шығармаларының қолжазбасы мен тілдік ерекшелігі, діни көзқарасы мен тарихи дүниетанымы, философиясы мен данышпандығы, абайтану саласындағы өзге де өзекті мәселелер қамтылды.

Екітомдық «Абай Құнанбайұлы: сипаттамалы библиографиялық көрсеткіші» 1889 жылы баспасөзде Абай туралы шыққан алғашқы мақаладан бастап  175 жылдық мерейтойы өткен 2020 жылға дейінгі барлық жарияланымдарды қамтыды.

Аталмыш библиографиялық көрсеткішке Абай шығармалары мен абайтану саласындағы кітаптар, монографиялар, оқулықтар, оқу-әдістемелік құралдар, библиографиялық материалдар, диссертациялар (кандидаттық, докторлық және PhD), газет-журнал мақалалары мен тағы басқа да жарияланымдарды қамтыған жалпы 12 мыңнан астам дерек енгізілді. Бірінші томда қазақ және шет тілдеріндегі Абай шығармалары мен абайтану бойынша 1069 басылымға сипаттама жазылды. Соның ішінде, Абайдың өмірі мен шығармашылығы, өнер түрлеріндегі көркемдік бейнесі, абайтану саласының қалыптасуы мен дамуына, зерттелу деңгейі қатысты түрлі салада қорғалған 105 кандидаттық, докторлық және PhD диссертацияның сипаттамасы берілді. Екінші томға отандық және шетел газет-журналдар мен ғылыми конференция материалдарында Абай және абайтануға қатысты түрлі тақырыптарда жарық көрген 10600-ден астам мақаланың, сондай-ақ, «Абай жолы» роман-эпопеясының барлық тілдердегі тізімі кірді.

Кітапты көрсем, оқысам деген ынталы қызығушылар болса, бірге хабарласуға мархабат.

Алда, Астана мен Семей қаласында да аталмыш кітаптарды қалың оқырманға таныстыратын боламыз.

Өмірбек Қанай,

Еуразия ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері