Қазақ халқы жылқы малын қасиетті деп қадірлеген. Сонау көшпенділердің кезінен жылқы түлігінің маңызы зор болған. Сондықтан да қазақ жұрттың өмір сүруі, тыныс-тіршілігі, әдеп-ғұрпы, салт-санасы жылқымен етене тығыз байланысты болған.

Жылқы қазақтың ұлттық сана-сезім, рухани болмыс, мәдениет пен өнерінің тұтас бір айырылмас бөлігіне айналып кеткен. Оның қадірлілігі тектіліктің де бір нышанына айналған. Соған қарай қазақ тілінде ат, жылқыға қатысты афоризмдер, түрлі тіркестер мен мақал-мәтелдер туындап, өмір салтына қарай пайдаланылған. Бұның бәрі жылқының қастерлі мал екенін айшықтап, соған қарай ұлттық құндылықтарымыз дәріптеліп келеді. Әсіресе қазақ ұлттық ойындарды кейінгі жас ұрпақ танып, оны бойыны сіңіп өсуі үшін «Аламан», «Топ», «Құнан», «Тай», «Жорға» сынды түрлі жарыстар өткізілген.

Осы дәстүрлі үрдісті жалғау мақсатында наурыз мерекесі қарсаңында Шеңгелді ауылдық округіне қарасты Қосқұдық ауылында «Аламан», «Топ», «Тай», «Құнан» бәйгелері ұйымдастырылды. Жарыс барасында Қапшағай өңірінің әкімі Нұрлан Орынбасарұлы сөз алып, баршасын Әз-Наурыз мерекесімен құттықтап, атбегілерге сәттілік тіледі. Сонымен бірге, ауыл ақсақалдары сайыс басталар алдында бәйгеге қатысушалырға жылы лебіздерін білдіріп, ақ батасын берді.

Жалпы, республика деңгейінде өткен бәйгеге еліміздің Алматы, Шығыс Қазақстан, Абай, Жамбыл, Қарағанды облыстарынан және Алматы –Талдықорған қалаларының атбегілері қатысты. Соның ішіндегі 25 шақырымдық аламанға- 50 сайгүлек, 15 шақырымдық топ бәйгесіне – 40, 8 шақырымдық құнан бәйгесіне -50, 4 шақырымдық тай жарысына– 30 ат шабысқа жіберілген. Жалпы есеп бойынша 100-ден астам тұлпар бақ сынасып, нәтижесінде топ бәйгеден – Батыс Қазақстан облысы, құнан бәйгесінен — Ескелді ауданы, тай бәйгеден – Жамбыл ауданы жүлделі орындарға ие болса, ал аламан бәйгесінен – Қордай ауданы бас жүлдені жеңіп алып, тігілген «Лада Гранта» автокөлігін қанжығасына байлады.

Ардақ Қасымхан