Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы архив жұмысы оңтайланады.

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Қуат Бораш пен «Узархив» агенттігінің директоры Ұлықбек Юсупов архиваралық байланысты нығайту, түрлі зерттеу жұмыстары үшін өзбекстандық архивте мүмкіндік қарастыру, құжаттамалық мәселелерді оңтайландыру тағы да басқа маңызды мәселелер бойынша өзара келісім құжаттына қол қойды.

Еліміз үшін аса жоғары маңызға ие бірлескен іс-қимыл жоспары ғалымдар мен түрлі зерттеушілер үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы биылғы жылы Астанада өткен Түркі мемлекеттері ұйымының X саммитінде сөйлеген сөзінде «Тарихтан сыр шертетін ортақ мұрағатты зерттеп, ұрпаққа ақиқатты жеткізу – біздің парызымыз. Құзырлы органдарымызға беймәлім деректерді бірлесіп зерделеуді тапсыруды ұсынамыз. Бұл, шын мәнінде, маңызды жұмыс болмақ, себебі ортақ тарихымызда әлі де толық зерттелмеген ақтаңдақтар бар» деген тапсырмасы бәріңізге белгілі. Биыл қазақстандық делегация Өзбекстанға сапар жасап Узархив басшылығымен бірлескен іс-шаралар бойынша келісім жүргізген болатынбыз. Нәтижесінде бүгін аталған келісімді іске асыруды құжат жүзінде бекіттік. Бұл – тарихи сәт. Бүгінгі шара Мемлекет басшысы ТМҰ отырысында белгілеп берген басым міндеттердің уақыт оздырмай алғашқы болып нақты орындалып жатқанының айғағы»,-деді Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Қуат Бораш.

Жыл өткен сайын Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы архиваралық байланыс артып келеді. Комитет төрағасы өзара достық қарым-қатынас пен әріптестік байланыс үшін Узархив агенттігінің басшысына алғысын жеткізді.

Айта кетейік, екі ел арасындағы өзара іс-қимыл жоспарына сәйкес Қазақстан мен Өзбекстан арасында архивтік құжаттарды толықтыру, кітаптар шығару, зерттеу жұмыстарын жүргізу бойынша мүмкіндіктер қарастырылған.

Сондай-ақ «Архив -2025» кешенді жоспар аясында 2022 жылы еліміздегі мемлекеттік архив қызметкерлері 14 елге ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, елге 7000-нан астам Қазақстан тарихына қатысты құжат жеткізді. Аталған құжаттар ғылыми айналымға енгізілуде.