«Әлеумет-қоғам айнасы» байқауына
«Шеврон» компаниясы жастардың ғылымға және жаңа технологияларға қатысы бар жобаларын белсенді түрде қолдайды. Компанияның шынайы демеуші болуымен жүзеге асқан ауыз толтырып айтарлықтай әлеуметтік жобалар жетерлік. Оған қомақты түрде қаржы бөліп отыруды және жыл сайын оны арттыра түсуді компания дәстүрге айналдырған.Білім мен ғылым кез келген мемлекеттің даму және өркендеу көрсеткіші. Сондықтан оларды әлемдік өркениет талаптарына сай сапалық жағынан жақсарту – мемлекеттің міндеті. «Шеврон» компаниясы әлеуметтің алдындағы бұл жауапкершілікті терең сезініп, еліміздің білім және ғылым саласы айрықша даму жолына түсіп, жоғары талап деңгейінен көрінуі үшін бұл бағыттағы түрлі жобаларға қолдау көрсетуде. Ғұлама ғалым әл Фараби «Ғылымы жоқ елдің – болашағы жоқ» деген екен. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында: «Бұл дәуір – ақыл-ойдың, ғылым мен білімнің, еңбектің дәуірі», – деген болатын. Мемлекет басшысы айтпақшы, біздің заманымыз – ғылым мен білімнің дамуына білек түріп белсене кірісетін кезең.
«Шеврон» компаниясы «Орталық Азияның Еуразия қорымен» бірге 2022-2023 жылдары Атырау қаласындағы Абай орталығында балалар мен жастардың әлеуетін дамыту үшін «Jas Space: Атырау қаласы жастарын дамыту бастамасы» бағдарламасын іске қосты. Мақсаты – STEAM (ғылым, технология, инженерия, өнер, математика) бағыттары бойынша білім беру және STEAM саласындағы кәсіптерді танымал ету. Аталмыш бағдарлама бойынша Абай орталығының базасында жастарды кәсіби, тұлғалық және STEAM дағдыларына үйретуді міндеті санайды. Оған мектептің 7-11 сынып аралығындағы оқушылар, студенттер, мүмкіндігі шектеулі жастар және STEAM оқытушылары қатыса алады. Ғылым, технология, инженерия, өнер, математика бағыттары бойынша жаңаша білім алуға барлық жағдай қарастырылған. Бүгінде әлем технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістер кезеңіне қадам басып келеді. Қоғам сәт сайын жаңаруда. Осыған орай мамандықтар рөлі де өзгеріске ұшырауда. Жаһан жылдамдығымен тың жаңалықтар одан әрі күшейіп, шамамен 5 жыл сайын бүгінгі жаңамыз ертең ескіге айналып жатады. Бүгін сұранысқа ие мамандықтар қажетсіз және ақысыз болып қалуы әбден мүмкін.
Еліміздегі табысы ең жоғары мамандық киберқауіпсіздік немесе ақпараттық қауіпсіздік саласының мамандары екен. Яғни, ІТ мамандары. ХХІ ғасыр жаңа технологиялардың дәуірі болғандықтан, осы салаға деген сұраныс та өте жоғары. Көш басындағы елдердің көз ілеспес жылдамдықпен дамуы осы ақпараттық технологияның жетілуімен тікелей байланысты. 2015 жылы Оксфорд университетінің ғалымдары Ричард пен Дэниель Сасскин алдағы жылдарға жасаған болжамында: «Болашақта, бүгінгі мамандықтарды екі түрлі өзгеріс күтіп тұр. Жаңа технологиялар дәстүрлі жұмыс түрін жеңілдетуі мүмкін. Айталық, дәрігер емделушімен Skype арқылы байланысады, сәулетші дизайн жасау үшін компьютерлік бағдарламаларды қолданады. Екіншіден, технологиялар кез келген салада проблемаларды шешудің тиімді тәсіліне айналады. Мысалы, жоғарыда айтылған медициналық онлайн диагностикалау маманының жұмысын жеңілдетсе, кейбір жаңа технологиялар кесірінен қызметкерлер жұмысынан айырылуы мүмкін. Олай болса, алдағы уақытта әрбір мамандық озық технологияны меңгеруге бейімделеді. Ең бастысы қандай оқу ордасында оқығаны емес, мамандықты тереңінен білуінде», деген болатын. Болашақты бағдарлап, ІТ-технологияның күш-құдіретін пайдаланар болсақ, әлеуеті артқан, экономикасы жанданған, ең бай мемлекеттер қатарында көш бастап, дамыған елдермен терезе теңестірер күнге жетеміз.