(немесе ғасырға жуықтаған ауыл)
Бесігім еді ауылым,
Әлдилеп мені тербеткен.
Бар ойын, күлкі, сауығым,
Бал кезім, нәрім сонда өткен – деп басталатын Еркебұлан Серімханұлының өлеңінің оқығанда кіндік қан тамған ауылды сағынып, әр қыры мен сыры еске келеді.
Қызмет бабымен туған ауылдан жырақ кетіп, бүгінде ауылға араға жыл салып батып жатамыз. Дегенмен туған жердің бір уыс топырағыда ыстық болғансоңба кеттің келмейді. Кімде болса, туған жері туралы жақсы жаңалықтар естіп жатса, қуанары анық. Сол сияқты менде соңғы жылдары Елбасының сарабдал саясатының арқасында туған ауылымның көркейіп келе жатқанын көріп, кішігір болса да ауылымның тарихынан сыр шертіп, жетіп жатқан жетістіктері туралы жазуға бел будым.
Мен туған ауыл Арыс қаласына қарасты Қожатоғай ауылдық округіндегі Қожатоғай ауылы. Бұл жердің әу бастағы атауы «Қосжарсуат» болып аталған. Кей деректерде 1922 жылдары бастау алады деп жатады. Мұнысына келісу қиын әрине. Себебі, 1816-1888 жылдары өмір сүрген Аласапыран ауыртпалық салдарынан туған жеріне жыраққа кетуге мәжбүр болған Мәделіқожа Жүсіпқожаұлы өз өлеңіне былай деп қосқан:
«Аман бол, Қосжарсуат – туған жерім,
Кіндік кесіп, кірімді жуған жерім,
Желі тартып, жем беріп бедеу атқа
Дүрілдетіп жылқыны қуған жерім.
Жоғарыда аталған өлең жолдарынан қазіргі Қожатоғай ауылының шығу тарихы арыда екенін білуге болады. Ал, 1922 жылдары Кеңестік дәуір орнаған заманда ауылдың іргесі ірілендіріліп, қайта қалпына келдірілуі мүмкін.
Енді жазбалардағы шежіреге тоқталсақ, 1928-1929 жылдары ТОЗ ұйымы құрылып, оның алғашқы бастығы болып Ораз Ибрагимов сайланған. 1933 жылы көшіріліп әкелінген халықтардан «Қожатоғай» колхозы ұйымдастырылып, оның басшысы Ибрагимов Тәліп болды. 1939 жылы колхоз тарап, ел Киров атындағы каналға көшіріледі. Көшке ілінбей қалған біраз халық 1940 жылдан бастап «Задарья» қой совхозында жұмысшы, малшы болып жұмыстар атқарады. Бұл ауыл «Қожатоғай» совхозы болып 1943 жылы көрші «Задарья» совхозынан бөлініп, 1943-1944 жылдары Сарыағаш ауданының Шеңгелді селолық кеңесіне қараған. 1945 жылы ауыл ақсақалдары «Қос жарсуат» деп аталып жүрген елді мекенге «Қожатоғай» деп ат қояды» дейді деректерде. Міне сол кезден бүгінгі таңға дейін Қожатоғай ауылы болып аталып келеді. Бірде Сарыағаш, Қызылқұм, Арыс Отырар аудандарына бағынысты жер болып, соңы міне Арыс қаласына қайта келді.
Ал, колхоз, совхоз, селолық, ауылдық округ болған замандарда ауылды жоғарыдан келген түрлі басшылар келіп, шалғайда жатқан ауылды көркейтуге өз үлестерін қосып, ауылдық тарих беттерінен өзіндік орын алады білді. Аттарын алтын әріппен атар болсақ; М.Е.Бредихин (ауылда ол кісінің құрметіне көше берілген), Қойбағар Әженов (ауылда ол кісінің құрметіне көше берілген), Ұ.Тоқбергенов, Ә.Елекеев (ауылда ол кісінің құрметіне көше берілген), А.Ибрагимов, Кәукеш Сажиков, Көбей, Әзім, Әбдікерім болды. Қ.Жұмабеков (Бұл кісілер Кеңес заманында басшылықта болғандар).
1948-1949 жылдары кавказ ұлтының өкілдері осында жер аударылып, кейіннен бәрі де осы жердің тұрғылықты тұрғындарына айналып, ел үшін қызмет етті. Елге аттары белгілі азаматтарға айналды.
Тәуелсіздікдің иісі шыққан шақта ауылдың тарихында өзіндік орны қалған азаматтар Қалдаш Нәлібаев, Жүзбай Рысбек, Сатылхан Жұбатовтар басшылықта болып қолдан келгенше қызмет етті.
1994 жылы ауыл әкімшілігі құрылып, оның алғашқы басшысы Басқарбек Алшоразов болса, Шарап Сажиков ісін жалғастырды. Ауылдың қайта гүлденгені Құрмаш Алпысбаевтың әкім болған уақыты десе болады. Совхоздар тарап, барлығы жекешеленіп жатқан кезде, ауыл халқын бірлікке шақырып, негізінен мал шаруашылығына бейімделіп қалған тұрғындарды мақта шаруашылығы, яғни егіншілікке жол көрсетті. Ауыл халқы шаруасы тұралап қалған ауылдан қара шаңырақтарын амалсыз тастап, көшіп жатқан кезде қайта жан кірген ауылға қоныстана бастады. Бұл уақытты ауыл халқы қайта жаңғыру уақыты деп атайды. Көп ұзамай, денсаулығы сыр беріп, Құрмаш Алпысбайұлы өмірден өткен ісін жалған жан болмады. Кейінгі жылдары Дәулет Қансейтов, Ә.Әпсеметов басқарды. Бұл кісілерде қолдан келгенше ауылдың тыныс-тіршілігіне қолғабыс жасап бақты.
Жоғары да айтқандай ауыл негізінен мал шаруашылығы деп кеткен болатынмын. Сол шаруаның қас шеберлері атанған шопандардың аттары тарих беттерінде асқақтап, Соцалистік Еңбек Ері атағын алды. Ол кісілердің аттарын атамасам маған сын. А.Досымбеков, Қ.Құттыбеков, А.Есқожаев, К.Сажиков, Л.Әлішов, Н.Бижанов, А.Жүсіпәлиев, Ш.Айдағараев, Қ.Арызбековтер.
Бұл ауылдан аттары әлемге мәшқұр болған ақында, батырда, ғалымда, дипломат, ғылым докторлары да шыққан. Арысы, Мәделіқожа батыр, Майлықожа, Исабек ақындардан бастау алып, Төлеген Тәжібаевтай дипломат, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Нұрмахамбет Айтуғанов, заманында қаһарлы Сталинге қарсы шығып, өлең жазған ақын Арынқожа Мырзаұлы (бүгінде Шымкент қаласында атында көше бар), ҚР Ғылым академиясының перзиденті М.Жұрыновтың түпкі аталары осы ауылдан шыққан. Бергісі, Ақиқат журналының бас редакторы Аманхан Әлімұлы, айтыскер ақын Жәкен Омаров, жас ақын Бауыржан Әлқожа осы жердің топырағынан нәр алып, қанат жайған тұлғалар. Айта берсек аттары дастан болар дара тұлғалар жетерлік. Облыстың бас дәрігері болған Жарылқасын Жұмабеков, құқық қорғау саласында өз орнын таба білген Аман Полатбеков, кәсіпкерлікті жанына серік еткен Қамбар Мәдиев пен Рысбек Жүсіпәлиевте осы елдің тумасы.
Бұл жер құт қонған қасиетті жерлерден де кенде емес. Сонау ықылым заманнан қалған, көне дәуірден естелік болып, әлі жалғасын тауып тұрған төбешіктер мен ойпаңдар Айғырұшқан деген биік тау жынысы, Шыңырау атты ойпаңда, тереңдігі қырық метрге дейін жететін құдықтар, Дастарбасы, Қотырқойлық, Шөгірлі тауы, тағы да басқа толып жатқан тау, қыраттар жер бедеріне әрқайсысы өзінше көрік беріп тұр. Шөбі шүйгін, жылдың қай мезгілінде де төрт түлік малға құт жайылым.
Ауылдың тарихын көп зеттеген жан ол, бұл ауылдың тумасы болмаса да, осы жерден өз бағы жанған, осы ауылдың білім ошағын 30 жылдан бастап басқарған, бірнеше мемлекеттік марапаттардың иегері Еркебай Бүрлібайұлы. Бұл кісі білім ордасына басшылық жасаған уақыттарда ауылда жаңа 3 қабатты ғимарат пайдалануға берілді. Ұлағатты ұстаздық еткен жандардың аттарын атауды да жөн санадым. Тұрсынбек Өмірзақов, Анар Әженов, Қаныбек Жұмабеков, Есіпкеп Жұмабек сынды тағы басқа да ұстаздардан білім алған азаматтар бүгінде олардың еңбегін жоғары бағалайды.
Бүгінде ауылдық әкімдік тізгінін қолға алған Зәкірқожа Елшібаев ағамыз нағыз еңбекқор, ел үшін туған азамат екенін дәлелдеп келеді. Аудандық мәслихатқа депутат болып сайланған Мұхтархан Арынұлымен бірге жұмыс жоспарын жасап, ауылда жұмыссыз жастарды жұмыспен қамту, спорттық алаңшалар салу, көнерген көшелерді қайта орта жөндеуден өткізу, аспалы шамдар орнату сынды бірқатар жұмыстарды қолға алып, шалғайдағы сырдың сағасындағы дамуы кенже қалған ауылды қайта қалпына келтіріп, Елбасы мен Мемлекет басшысының мемлекеттік бағдарламаларын мерзімді орындап келеді. Әр ауылға атбасын бұрғанда қуанып қаламын. Түні жарық, күндіз тынымсыз еңбекте жүретін ауыл халқын көргенде марқайып, ісіңізге береке берсін дегім келеді.
Әрине бұның бәрі де тәуелсіздігіміздің арқасында бітіп жатқан дүние. Ел басшыларының сарабдал саясатының арқасы. Ал, соны үйлестіре білетін қосышы әрине әкім.
Міне мен туған шалғайдағы ауылдың қысқаша тарихы осындай.
Бақдәулет Палқожаұлы,
Журналист.
01.05.2020 жылы
«Арыс ақиқаты» қоғамдық-саяси газеті.