ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында Зейнетақы жинақтарының шекті межесін көтеру мерзімін ұзарту туралы Мемлекет басшысының Үкімет басшысына берген тапсырмасын жазды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев зейнетақы жинақтарының шекті межесін көтеру туралы шешімге қатысты көпшіліктің өтінішіне құлақ асты. Шекті меже келесі жылдан бастап ең төменгі жалақының өсуіне байланысты көтеріледі. Зейнетақы жүйесінің негізгі міндеті – азаматтарды зейнетке шыққаннан кейін қажетті жеткілікті табыспен қамтамасыз ету. Сондықтан зейнетақы жинақтарының шекті межесін көтеру жөніндегі шешім – негізінен осы бағыттағы дұрыс қадам. Сонымен қатар Мемлекет басшысы зейнетақы қорындағы шекті межеден асқан қаржысын пайдаланып үлгермеген азаматтарды қолдап, Үкіметке бұрынғы шекті межені көтеру мерзімін 2022 жылдың 1 сәуіріне дейін ұзартуды тапсырды.