Қоғамымыздың басты мақсаты – еңбекті адамның бірінші кезектегі өмірлік қажетіне айналдыру. Ал тиімді еңбек ету үшін қызметкерлерге қажетті жағдай жасау, олардың десаулығын сақтау, еңбек жағдайының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, кәсіби сырқатты және өндірісте зақымдануды болдырмау қажет. Еңбек қорғау ғылымы осы мәселелермен, яғни еңбектің зиянсыз, қауіпсіз жағдайларын жасаудың проблемаларымен айналысады.
Тиянақтай келе, еңбекті қорғау дегеніміз құқықтық, әлеуметтік-экономикалық, ұйымдастыру-техникалық, санитарлық-эпидемиологиялық, емдеу-профилактика, оңалту және өзге де шаралар мен құралдарды қамтитын еңбек қызметі үдерісінде қызметкерлердің өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесі болып табылады.
Демек, еңбекті қорғау ғылымы өндірістегі жазатайым оқиғалардың, кәсіби сырқаттардың, жарылыстар мен өрттің себептерін анықтап, оны болдырмаудың қажетті шараларын жасайды.
Халық денсаулығын сақтау – әлемнің кез-келген елінің маңызды мемлекеттік міндеті болып табылады. Қызметкердің денсаулығы мен еңбек ету қабілетінен айырылуы медициналық, әлеуметтік, экономикалық және демографиялық проблема болып табылады. Қызметкердің еңбек ету қабілетінен жартылай немесе толығымен айырылуы оны негізгі тіршілік көзінен – еңбек ету қабілетінен айырады. Бұл жалақысынан айырылуына, соның салдарынан материалдық жағдайының нашарлауына әкеледі. Осылайша, қызметкер мен оның отбасының әл-ауқатына, тұрмыс деңгейіне, біліктілік және географиялық ұтқырлығына ықпал етеді.
Еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасы мәселелерін қоғамға анағұрлым кеңірек насихаттау және қатерлілігі мен зардаптарын түсіндіруге ықпал ету мақсатында Халықаралық еңбек ұйымы әлемдегі адам өліміне әкеп соққан өндірістік жарақаттану жағдайлары туралы деректер жинақтау бойынша кең ауқымды іс-шара өткізді.
Жазатайым оқиғалардың негізгі себептері: өндірістік жұмыстардың дұрыс ұйымдастырылмауы; көлік құралдарын, жабдықтарды пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарының бұзылуы; жеке қорғану құралдарын қолданбау; зардап шеккендердің еңбекті қорғау бойынша ережелер және нұсқаулықтарды, жұмысты қауіпсіз жүргізу әдістерін жеткілікті білмеуі және өкінішке орай, жұмысшылардың өздерінің өндірістік және еңбек тәртібін бұзуы болып табылады.
Еңбек қорғау мәселелері Қазақстан Республикасы Конституциясында, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде, кәсіпорынның еңбек қорғау қызметі туралы ережесінде айқындалған. Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде қоғам мен мемлекет мүддесі үшін ұйымдастырылған еңбек қызметінің кез келген түріне қатысушылар еңбекті қорғауға құқылы деп атап көрсетілген.
Еңбек қауіпсіздігін қорғау саласында басшылардың, сала мамандарының біліктілігін тексеру, оларды оқыту, арнайы сертификат алу шаралары, оған жұмсалатын қаржы көздері ұжымдық шартпен айқындалып, нақты орындалып отыруы тиіс.
Тоқсанбаев Нұрбол Төребекұлы,
Ақтөбе гуманитарлық колледжінің
техникалық еңбек инспекторы