Нарықтық экономикадағы еңбек жекелеген адамдардың, сонымен бірге тұтастай қоғамдастықтардың, немесе жалпы алғанда бүкіл мемлекеттің өмірінде өзінің әлеуметтік маңыздылығы бойынша ерекше орын алады. Қазіргі кезеңнің адамдары өз өмірінің басым бөлігін өз әл-ауқаттарының көзі болып табылатын дәл осы жұмысқа, еңбекке арнайды. Осыған орай еңбекті қорғаудың маңыздылығы арта түседі және неғұрлым дәл және толық зерттеп, зерделеуді талап етеді, соның ішінде, құқық тұрғысынан.

Қоғам дамуының қазіргі кезеңінде қоғамдық қатынастардың айтарлықтай бөлігі құқық нормаларымен реттеледі. Дәл осы себептен, еңбекті қорғау құқықтық ұғымын анықтау осы мәселені қарастырудың маңызды аспекті болып табылады.

Еңбекті қорғаудың маңызды белгілерін анықтау үшін «Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау» ұғымының тек құқықтық қана емес, сонымен қатар әлеуметтік тұрғыдағы мазмұнын анықтап алу дұрыс болады. Әлеуметтік құбылыс ретіндегі еңбекті қорғауды еңбектің қолайлы жағдайларын жасауға, адамның өмірін, денсаулығын және жұмысқа қабілеттілігін сақтауға, еңбек қызметі салдарынан белгілі бір жарақаттар алған және денсаулығына зиян келтірілген қызметкерлерге жеңілдіктер мен өтемақылар беруге бағытталған мемлекеттің, қоғамдық ұйымдардың және азаматтардың қызметі ретінде сипаттауға болады, сондай-ақ бұл – еңбекті қорғау жөніндегі нормаларды бұзғаны үшін жауапкершілікті белгілеуге бағытталған қызмет.

Еңбекті қорғаудың, яғни, нормативтерге сай еңбек шарттарының қамтамасыз етілу деңгейі, өндірістік жарақаттылық пен кәсіби аурулардың төмен көрсеткіштері көбінесе жалпы алғанда қоғамның өзінің осы категорияға деген көзқарасына байланысты болады. Қоғамда нақты кезеңде қолданылатын басымдықтар қозғалтқыш, қозғалыс көзі маңызына ие болады. Яғни, жоғарғы инстанцияларда (сатыларда) еңбек жағдайларын жақсарту саясатын жүйелі түрде жүргізу, мемлекеттік органдардың осы мәселеге мұқият көңіл бөлуі тиісті ережелердің қамтамасыз етілуінің және сақталуының деңгейін арттырудың елеулі кепілдіктерінің бірі болып табылады.

Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, қалай болғанда да, қоғамның әр индивидінің өмірінің бір бөлігі болып табылады. Барлық адамдар өз өмірінің ішінде бірнеше рет еңбек құқықтық қатынастарын, демек, еңбекті қорғау қатынастарын да өрбітеді. Еңбекті қорғаудың жалпы алғандағы қоғамның жай-күйіне айтарлықтай әсер ете алатындығын ерекше атап өткен жөн. Еңбектің қажетті жағдайларымен қамтамасыз етілмеген қызметкерлер, үнемі шамадан тыс жұмыс істеудің, шаршап-шалдығудың және жұмыспен байланысты проблемалар ауыртпалықтарының салдарынан өз денсаулықтарына, әрі тек денесінің ғана емес, сонымен қатар моральдық денсаулығына да көңіл бөле алмайды.

Денсаулық дегеніміз – адамның психикалық, дене және әлеуметтік әл-ауқаты. Ол адамның және жалпы алғандағы қоғамның ең үлкен құндылығы болып табылады. Еңбектің жағдайлары мен оны қорғауды жақсарту – еңбек етушілердің денсаулығын қамтамасыз етудің маңызды құралы.

Нұрмұханов Азамат Сәрсенбайұлы,

Темір ауданы №4 Шұбарқұдық жалпы орта білім беретін мектептің техникалық еңбек инспекторы