«Түркітілдес журналистер қоры”ҚҚ ұйымдастырған шаралары әрқашан білім ала отырып, туризмді насихаттайды. Соның дәлелі шетелдік сапарларда барған жердің әртүрлі туристік мүмкіндіктерімен таныса отырып, білім алса, ел ішінде ұйымдастырған шараларда да форум өткен қалалардың көрікті жерлерін алыс жақын шетелден және аймақтардан келген журналистерге таныстырудан басталады. Соның дәлелі шілде айында өткізілген Түркітілдес журналистер қорынң Алматы облысы әкімдігі, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің серіктестігінде өткізілген шарасында Қазақстан мен Бельгия, Түркия, Швейцария, Британия, Франция, Австрия, Нидерланд, Германия, Молдова, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжаннан келген журналистер Алматы облысының ең көрікті жерлерін аралап, Көлсай, Шарын секілді әсемдігі көз тартар жерлерін аралаған болатын. Онымен қоса шетелдік сапарларда жоғарыда айтылған сөзді қуаттайды. Оған өз көзіммен куә болып қайттым. Жуырда ғана Түркия елінің Балыкесир облысында болып, аймақтың 5 ауданындағы тарихи және көрнекі жерлерін көріп қайттық.

    Сол сияқты, өткен аптада Алматы қаласында өткен ІІІ Халықаралық Түркітілдес журналистер медиа форумыда қаланың керемет жерлеріннен басталды.

    Еліміздің әр аймағы мен Өзбекстан, Түркия, Қырғызстан, Әзірбайжан, Бельгия, Британия, Нидерландтан келген журналистер үш күндік шараның алғашқы күнінде Алматы қаласының айналасындағы Медеу, Шымбұлақ секілді туристік мекендерді көзбен көрді. Шымбұлаққа шығып, табиғатына тамсанып, Медеуге барып коньки теуіп, таудың таза ауасымен тыныстап, қаланың туристік мекендерін аралады.

    Алматыдағы шетелдік және отандық әріптестеріміздің дидарласуы бір жағынан «Түркітілдес журналистер қоры» ҚҚ туризмді насихаттауға да ұмтылып жүр­ге­нін атап өткен жөн.

    Айта кетейік, ІІІ Халықаралық түркітілдес журналистер медиа форумы «Түркітілдес журналистер қоры”ҚҚ мен Дүниежүзілік шетелдік баспасөз ассоциациясы (World Foreign Press Association – WFPA) «Шеврон» компаниясының серіктестігінде өтті.

    Алматы шаһарында ІІІ Халықаралық түркітілдес журналистер медиа форумы аясында “Әлеуметтік журналистика: БАҚ-тағы әлеуметтік мәселелер” тақырыбында семинар-тренниг болды.

    Еліміздің әр аймағынан келген БАҚ өкілдері белгілі психолог Жания Бейсенованың “Психологиялық қысым және эмоцияны басқару”, “Эмпатия” тақырыбында ой қозғады.

    Атап айтқанда, «Психологиялық қысым және эмоцияны басқару», «Эмпатия» тақырыбы бойынша медиатренер Жания Бисенова жан-жақты түсіндіріп, топпен тәжірибелік жұмыс жүргізді. Семинар тренниг барысында қатысушылар бір-бірімен қызу пікір алмасты. Сонымен қатар «Соғыс, зорлық-зомбылық, табиғи апаттар құрбандарымен сұхбат алу, қарым-қатынас жасаудың психологиялық тәсілдері» туралы да топпен тәжірибелік жұмыс қызықты өтті. Ал медиатренер Мейіржан Әуелханұлы жүргізген «Жасанды интеллектті журналистикада пайдалану» тақырыбы бүгінгі XXI ғасырда өте өзекті болғандықтан, қатысушылардың қызығушылығын ерекше арттырды. Тәжірибелік жұмыста түрлі сұрақтарға жауаптар берілді. Қатысушылар сурет пен видео өңдеуде де көп нәрсені көңілге түйді. қатысушылардың бұл тақырыпқа қызығушылығы зор екені байқалды.

Жалпы айтқанда, бүгінгі іс-шараның қатысушыларға үйретері мол болды.

    Семинар-тренинг барысында қатысушылары бейне материалдар арқылы берілген психологиялық тапсырмаларды талдап, топтық және жеке жұмыстарды істеді. Одан бөлек, бүгінгі күні танымал, әрі сұранысқа ие технология – жасанды интеллектпен жұмыс істеу, тәжірибеге енгізуді үйренді.

    БАҚ басшылары мен өкілдері бас қосқан форумда «Түркітілдес журналистер қоры» қоғамдық қорының президенті Нәзия Жоямергенқызы: «Медиа форумының атауын «Turktime: Түркі мемлекеттерінің медиа бірлігі» деп атауымыздың себебі бар. 2023 жылы Астанада Түркі мемлекеттері ұйымының Х саммитінде Қазақстан ұйым төрағалығын қабылдап алды. Президент Қ.Тоқаев: «Түркі бірлігін таныту үшін біздің төрағалығымыз «Түркі дәуірі!», яғни «Turktime!» ұранымен өтеді», деп мәлімдеді. Осы орайда «Түркі әлемінің келешегі – 2040» атты құжат бекітіліп, Түркі мемлекеттері ұйымын одан әрі дамыту мақсатында маңызды 8 бағыт – салт-дәстүр, түбі бір түркіге ортақ құндылықтарды біріздендіру, реформалар, ғылым, сенім, инвестиция, медиация және энергияға басымдық берілді. Дәл осы басты бағыттардың арасында түркітілдес бұқаралық ақпарат құралдарының бірлігі де болуға тиіс. Себебі кез келген бастаманы халыққа жеткізіп, насихаттайтын – БАҚ өкілдері», деді.

    Үш күнге ұласқан форумда соғыстар, пандемия сарқыншақтары, климаттың өзгеруі, ресурстар тапшылығы, экономикалық қиындықтар, медиа саласындағы бәсекелестіктің артуы, ақпараттық манипуляция мен жалған ақпараттардың күшеюі, БАҚ-тағы кәсіби этиканың жиі сақталмауы талқыға түсті.

    – Медиа форумда түркі елдерінен жиналған әріптестерімізбен бірге медиа саласындағы түйткілдерді шешудің жолдарын қарастыра отырып, ортақ жобалар жасау жөнінде кеңестік. Басты мақсатымыз – түбі бір түркінің тарих, руханият, өнер, экономика мен саясатын түркі халықтарына насихаттау. Өкінішке қарай, 70 жылға жуық үстемдік құрған кеңес одағы бауырлас халықтарды бір-біріне жат қылды. Әліпбиін өзгерту арқылы қазақ, қырғыз, өзбек, түрікмен, татар, башқұрт, қарақалпақ, тағы басқа ұлттардың арасындағы бауырластық байланысты үзуге тырысты. Біз, түркі елдерінің ақпарат құралдары мен жур­на­листері осы олқылықтардың орнын толтыруға күш салуымыз қажет. Ол үшін қысқамерзімді және ұзақмерзімді стра­тегиялық жоспарларды құра отырып, мақсатты да үздіксіз дамуға мүдделіміз, – дейді Назия Жоямергенқызы.

     Форумда Түркия Республикасы Туризм министрлігінің Орталық Азия айма­ғындағы мәдениет және туризм кеңесшісі Алпарслан Акынджы «Жаңа «Жібек жолы» туристік белдеуіндегі Түркі ұйымына мүше елдердің ынтымақтастық негіздері» тақырыбында баяндама жасады.

    Ал «Кәсіби этика. Құқық және ақпараттық қауіпсіздік» отырысының тізгінін «Alatau-aqparat» медиа холдингінің бас директоры Ержан Төлек қолға алып, түркиялық журналист Ахмет Түзүн «Журналистикадағы этикалық қағидалар және тәжірибедегі кедергілер», «Мінбер» журналистерді қолдау орталығының жетекшісі Есенгүл Кәпқызы «Медиа этика», Өзбекстан Парламентінің «Халқ Сузи»-«Народное слово» газетінің жауапты хатшысы Нұрлан Османов «Журналистік әдеп және әлеуметтік жауапкершілік» тақырыптарында ой қозғады.

    «Қазақ газеттері» ЖШС бас дирек­тор­дың орынбасары – Алматы қаласы басылымдарының жетекшісі Думан Анаш модераторлық еткен «Кон­тентті монетизациялау: модельдер, платформалар, стратегиялар» отырысы да оқшау ойларды ортаға салды.

     Белгиялық журналист, brukseltruk.be сайтының иесі Юсуф Джинал журналистика шекараға бағынбайтындығын айта келе: «Бір кездері Жібек жолы арқылы сауда жасағандар – ақпарат тасымалдаушылар да еді. Біз журналистер – ақпаратты бір дереккөзден алып, екінші бір дереккөзге жеткізушіміз. Осы қызметті атқару барысында бізге жүктелген жауапкершілік пен зор миссия бар. Біз өзіміздің діліміздің, тіліміздің, еліміздің өкілі боламыз. Қазір Жібек жолының міндетін онлайн БАҚ өзінің міндетіне алып, атқарып отыр. Мен Түркияда әрі Еуропада журналист ретінде қызмет етемін. Мүмкіндіктерімізді пайдалана отырып, өзіміз үшін әрі түркі мемлекеттері үшін түрлі жоспар құрып, жұмыс істей аламыз. Әлбетте, ол үшін күш бірік­тіруіміз қажет», дейді.

    Форум аясында «ЕРКІН СӨЗ»-2023 және «Әлеумет – қоғам айнасы» шығармашылық байқауларының  жеңімпаздары анықталды

     «Түркітілдес журналистер қоры» Қоғамдық қоры ұйымдастырған байқауға 70 тен астам материал келіп түскен. Жыл өткен сайын байқауға қатысуға ниет білдірушілер қатары артуда.

    «Түркітілдес журнаилстер қоры» ҚҚ Қазақстандағы қаржылық сауаттылықты арттыру мақсатында отандық БАҚ өкілдері арасында ұйымдастырылатын байқау жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп келеді.