Қазіргі заманда құмар ойындар әлемнің түкпір-түкпірінде кең таралған. Әсіресе, жасөспірімдер мен жастар арасында онлайн- казино, букмекерлік кеңселер және лотореяларға қызығушылық артып келеді. Алғашында уақыт өткізу үшін басталған бұл әдет кейін тәуелділікке айналып, адамның өмірін толықтай өзгертеді. Бұл құбылыс медицинада «лудомания» немесе патологиялық ойынқұмарлық деп аталады.

Адам жақсы ортадан, әлеуметтік жағдайы тәуір жерден шықса, мұндай проблемаға ұшырамайды деген түсінік бар. Бұл қате пікір, оңай ақшаға құнығу мен керемет әсерге бөленуге деген құмарлық жасына немесе дәрежесіне қарамастан, кез келген адамды шырмап алуы мүмкін. Әрине, ойынқұмарлық дертіне шалдыққандардың көпшілігі түрлі психологиялық ауытқуы бар, патологиялық тәуелділікке бейім адамдар. Сондай-ақ, оны зиянсыз деп санап, жете мән бермейтіндер де аз емес. Шындығында, ойынқұмарлыққа көз жұма қарауға болмайды. Дер кезінде көңіл бөлмесе, лудомания тұлғаның әлеуметтік тұрғыда азғындауына соқтырады.

Компьютерлік ойындарға тәуелділікке келетін болсақ, қазіргі ғылыми парадигмада мұндай диагноз әлі қалыптасқан жоқ. Бұл басқа себептерден туындайды.Компьютерлік ойыншылардың саяхаты өте ерте жастан, 9-10 жастан және одан ертерек басталады. Ойындарды кішкентай жастан ойнап өскен ойын құмар балалар көбінесе ,шынайы өмірден оқшау болып келеді – Олар виртуалды әлемге тым көп уақыт бөлетіндіктен, шынайы өмірдегі қарым-қатынастан алыстап, эмоционалды тұрақсыздыққа ұшырап, ұтылған кезде қатты ашуланып, жеңіске жеткенде шектен тыс қуанып кетуі ықтимал.Үйдегі ата-анасының ақшасын рұқсатсыз алып ойындарға карталарын пайдаланып, көп ақша жұмсап қоюы мүмкін. Ойынға деген тәуелділік, (ақша салу) донат жасау баланы ойында ұзақ уақыт жүруге итермелейді, өйткені ол жасаған шығындарын «қайтарғысы» келіп ақшамен алынған ,виртуалды киымдер, кару жарактарды алғандықтан ойынды ұзақ уақыт ойнай бергісі келеді. Бұл баланы құмар ойындарға итермелеуі мүмкін.

Ойын құмар – адамның ойындарға деген бақылаусыз әуестігі, яғни ол ақшасын, уақытын, тіпті жеке өмірі мен отбасын құрбан етіп, ойынға тәуелді болып қалады. Бұл психологиялық ауруға жатады және көптеген елдерде нашақорлық пен алкоголизм сияқты қауіпті тәуелділік деп саналады. Лудоманияның негізгі белгілері: үйіндегі бағалы заттарды ұрлау арқылы, құмар ойындарға деген қумар азарттығы,ұтылған ақшасын қайтарып алу үшін қайта ойнау, жақындарынан ақша сұрау немесе қарыз алу, жеке өмірі мен жұмысын құмар ойыны үшін құрбан ету, депрессия, ашуланшақтық, ұйқысыздық. Лудоманияның дамуына бірнеше факторлар әсер етеді: жеңіл ақшаға деген сенім — адамдар құмар ойындарды қаржылық мәселелерін шешудің жылдам жолы деп ойлайды. Бірақ шын мәнінде, казино мен букмекерлік кеңселер тек ұйымдастырушыларға пайда әкеледі. Адреналин мен эмоциялық қозу — ойын кезінде адам қатты толқиды, бұл миға ләззат сыйлайтын дофамин гормонының бөлінуіне әкеледі.. Жарнаманың ықпалы — әлеуметтік желілер мен интернетте құмар ойындардың жарнамасы кең.

Лудомания құмар ойындар тақырыбында практик-психолог Гүлзат Қанат:

Маманның айтуынша, егер отбасыда лудоман адам біреу болса, онда ауруға кешенді психологиялық ем-дом жүргізілуі қажет екен.

«Көбіне отбасында бір лудоман болады. Яғни бауырлардың арасында. Немесе әкесі лудоман болса, оның баласы да сондай болады. Осындай сәттерде бұл адам сол отбасындағы ең әлсіз адам саналады. Себебі оның ішкі «мені» қалыптаспаған. Мысалы, ішкі «мен» дегеніміз бір-ақ күнде қалыптаспайды ғой. Оны кішкентай балалардан-ақ көруге болады. Қарапайым киімді айтайықшы. Әдетте балаларда киім кию қалай болады? Басында ата-ана не кигізіп қояды, бала соны киіп жүре береді. Не берсе де, соны көріп, қызығып, киіп алады. Бірақ өсе келе таңдайды ғой. «Маған көк емес, қызылы керек» дейді. Әртүрлі қиғылық салады. «Мына тамақты жемеймін, ана тамақты жеймін» дейді.

Ал әр сәт сайын киім киюінен бастап, тамақ жеуі, мамандығы, жақсы көретін адамына шейін ата-анасы таңдап беретін адам – тәуелділікке бейім адам. Яғни ертең ол ойынқұмарлық болсын, араққа тәуелділік болсын, есірткіге тәуелділік болсын, кез келген тәуелділіктің түріне сына кетеді. Одан құтылып шығу қиын. Лудоманның өзі ешқашан психологтың алдына келмейді. Оны міндетті түрде қасында өзіне тәуелді етіп байлап алған бір адам сүйреп жүреді. Ол көбіне анасы, әйелі дегендей ғой. Лудоманның тек өзімен жұмыс істеу де еш нәтиже бермейді. Себебі бұл – отбасылық невроз. Қазақшалап, отбасылық қысым деп алайық.

Отбасылық институтта қысым болғаннан кейін, тәуелді адамның басына төніп тұрған қысымды босатпайынша, біз ол адамға көмектесе алмаймыз. Сондықтан да лудоман адамды бізге емделуге әкелетін болса, мына мәселенің басын бірден ашып айтамыз. «Бұл – отбасылық қысым, біз бір ғана адаммен жұмыс істегенде, еш нәтиже болмайды» дейміз. Отбасы мүшелерінің әрбірі жеке психологқа барып, «осы мәселеде көмектесеміз», «бұдан қалай да шығамыз» деп ойланбаса, келісім бермесе, психологтар лудомандармен жұмыс істемейді. Өйткені бір адаммен жұмыс істеу – нәтижесіз» – дейді ол.

Сонымен қатар психоаналиктің айтып отырған сөзіне баса мән берсек, лудоманияның психологиядағы 4 кезеңі бар екенін де білуге болады.

«Лудоман болудың бірнеше кезеңі бар. Ең бірінші кезеңі – ұтыс кезі, яғни эйфория, бақыт кезеңі. Көп жағдайда ойынға енді кірісіп, автоматқа ақшасын сала бастаған адам ұтады. Бұл – ойынның жүйесі ме, сондай өзі. Мұны осы саланың мамандары жақсы білетін шығар. Аталған кезеңде адам бақытты болады. Қиналып, айлықтан айлыққа жүрмей-ақ, 5-6 секундта батырманы басып, ақша табуға болады екен ғой деген ойда қалады.

Келесі кезең – жеңіліс кезеңі. Мұнда адам ұтылады. Мәселен, басында 100 мың ұтса, одан кейін 1 миллионн ұтылуы мүмкін. Содан кейін үшінші кезең басталады. Мұнда «мен осы кеткен есемнің бәрін қайтарамын деген» түсінік қалыптаса бастайды. Мысалы, адамда «мен 1 млн-ға қарызға кірсем, оны 2 млн етіп қайтарамын» деген өзінің алапат иллюзиясына сене бастайды. Бұл – ешқашан орындалмайтын иллюзия. Осы жерде мысалға, арақ ішу мен есірткіні алайықшы. Мас адам қанша жерден мас болса да, «мен маспын» деп айтпайды ғой. «Мен саумын» дейді. Есірткі шегетін адам да сөйтеді. Лудоман да тап солай дейді Гүлзат Қанат.

Құмар ойынды жою және алдын алу жолдарын қарастырсақ, қоғамда құмар ойындардың зияны туралы кеңінен ақпарат тарату, әсіресе жастар арасында, олардың салдарын түсіндіру маңызды.Психологиялық қолдау,тәуелділікке ұшыраған адамдарға дер кезінде психологиялық көмек көрсету және қолдау көрсету қажет.Отбасылық қолдау, отбасы мүшелері тәуелділікке ұшыраған адамға түсіністікпен қарап, оны қолдап, қажетті көмекке бағыттауы тиіс.Заңнамалық шаралар, мемлекет тарапынан құмар ойындарға қолжетімділікті шектеу және олардың жарнамасын бақылау бойынша қатаң шаралар қабылдау қажет.

Қазақстандық журналист және ақын, қоғам қайраткері Айдар Әділжанұлы Сайлауов құмар ойындар жайлы өз пікірімен бөлісті. Құмар ойынға құныққан бүгінгі ұрпақ бәс тігуден басын ала қашпайды. Букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың торына түскен отандастарымыз тапқан-таянғанын жеңіл жолмен ақша табамын деп желге ұшырып жатыр. Адал еңбек етіп, бейнеттің берекесіне бөленудің орнына ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүріп қалта қампайтқысы келетіндердің саны артып келеді. Сөйтіп жүріп жиған-тергенінен, дүние мүлкінен, ең бастысы, абырой-беделінен, отбасынан айырылып жатқандар қаншама?! «Тәуекел түбі – желқайық, өтесің де кетесің». Алайда бүгінгі «ойыншылар» құмарлықты тәуекелмен, игі іспен шатастырып жүрген секілді. Соның кесірінен отызында орда бұзбақ түгілі, қырқында қамал ала алмайтын масыл, бойкүйез буын өсіп шықты. Бұл мәселеге бұдан әрі көз жұма қарауға болмайды. Еңбекқор, ұстамды, нәпсісін тыя алатын ертеңгі ел жастарын тәрбиелегіміз келсе, қоғам болып қозғау салатын уақыт жетті. Себебі әлденеше жыл бұрын әдептің әңгімесі деп келген ойынға құмарлық әрекеті бүгінде әлеуметтік мәселеге айналып шыға келді.

Мемлекет, құзырлы органдары. ҚР Туризм және спорт министрлігінің жоспары бойынша, Қазақстан билігі 2026 жылға қарай олардың санын екі есеге қысқартуға ниетті, сондықтан людомандарға мемлекет есебінен тегін емдеу және медициналық-әлеуметтік оңалту ұсынылады. Бұл мақсаттарға бюджеттен 80 млн теңгеден астам қаржы бөлінеді. Қазақстан Республикасында заңсыз ойын бизнесі мен лудоманияға қарсы іс-қимыл бойынша 2024-2026 жылдарға арналған Кешенді жоспарда 4-бағыт бойынша 42-іс-шара қарастырылуда, құмар ойындарға және бәс тігуге тұрақты қатысатын адамдар санының 350 000-нан 201 600 адамға дейін төмендеуі: 2024 жылы – 35 000 (10%), 2025 жылы – 63 000 (20%), 2026 жылы – 50 400 (20 %) мемлекет есебінен тегін емдеу және медициналық-әлеуметтік оңалту бойынша көмек алған, құмар ойындарға патологиялық тәуелділіктен зардап шегетін адамдарды қамтуды 13-тен 300 адамға дейін ұлғайту: 2024 жылы – 50 адам, 2025 жылы – 150 адам, 2026 жылы – 300 адам. Қазақстан Республикасында заңсыз ойын бизнесі мен лудоманияға қарсы іс-қимыл бойынша 2024-2026 жылдарға арналған Кешенді жоспардың іс-шараларын іске асыруға 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджеттен 80 931 200,0 теңге қаржы шығыстарын бөлу көзделеді деп хабарлайды legalacts.egov.kz

Қазақстандағы лудомания мәселесіне қатысты статистикалық мәліметтер лудоманияға шалдыққандар саны: Әртүрлі дереккөздерге сәйкес, Қазақстанда 440 мыңға жуық адам лудоманиядан зардап шегеді. Мұндай статистиканы Мәжілісте Алматы Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығы бас директорының орынбасары Дәулет Байпейісов өз сұхбатын “atameken business’’ жаңалықтарында  мәлімдеді. Ресми есепке алынғандар, денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда “лудомания” диагнозымен ресми есепте тек 19 адам ғана тұр. Алайда елде құмар ойынға тәуелділер саны әлдеқайда көп екені анық. Қаржылық шығындар бір ойыншының орташа қарызы 10 млн теңгені құрайды. Елімізде құмар ойындарға триллион теңгеден астам қаржы жұмсаған.Өз-өзіне қол жұмсау жағдайлары: 2022 жылғы статистика бойынша, құмар ойындардың салдарынан 735 адам суицид жасаған.2023 жылдың қаңтарақпан айларында 526 қазақстандық өз еркімен өмірмен қоштасты, бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 5% аз. Сонымен қатар, ең осал жас тобы, статистика бойынша, орта жастағы адамдар — 30-дан 54 жасқа дейін. Суицидтен қайтыс болғандардың жалпы статистикасында осы санаттың үлесі 54,9%. Екінші орында егде жастағы адамдар: әрбір төртінші суицидті (23,5%) 55 жастан асқан қазақстандықтар жасаған.Өзіне өзі қол жұмсап қайтыс болғандар ішінде 18 бен 29 жас аралығындағы жастардың үлесі 17,3%-ды құрады.

Қортындылай келе,лудомания – бұл жай ғана ойынға деген қызығушылық емес, ол адам өмірін түбегейлі өзгертетін қауіпті тәуелділік. Құмар ойындардың тұзағына түспеу үшін жастарды қаржылық сауаттылыққа, өз эмоцияларын басқаруға және пайдалы дағдыларды дамытуға үйрету керек. Егер қоғам болып күрес жүргізсек, лудоманияның алдын алуға толықтай мүмкіндік бар.

Т.Қ. Жургенов атындағы КҰӨ Академиясы

Компьютерлік технология кафедрасы,

Медиажурналистика мамандығы 2-курс студенті : Темірхан Мирас